Бүгін Таразда қалалық мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы бастауыш партия ұйымдарының облыстық форум өтті. Жиынға 100-ден аса БПҰ жетекшілері, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бүгінде облыс бойынша 350-ге жуық БПҰ болса, онда 70 мыңға жуық партия мүшесі бар. Форумда сөз алған бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері жасап жатқан жұмыстары жайлы кеңірек тоқталды. Сонымен қатар, партияның негізін қалаған, астананы ауыстырып, күллі әлем тансанатындай көрекейткен Елбасының есімін елордоға берілгенін үлкен қуанышпен қабылдағандарын жеткізді.
«Шолақтау» БПҰ төрағасы Бағлан Сұлтанбек:
— Біздің ел болып, еңсе тіктеуімізге өзге тұрмақ, өз ішімізде де сенбеушілер о баста көп болды. Шын мәнінде, сол бір кез көпшіліктің болашаққа күмәнмен қараған кезеңі еді. Сондай қиын кезеңнен алып шығып, бүгінгідей мамыражай заманға жеткізген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені сөзсіз, — деді Ол.
Ал «Қаратөбе» бастауыш партия ұйымының жекетшісі Мөлдір Қырықбаева өз сөзінде «Елбасының есімін астанамызға беру арқылы біз ешқандай жаңалық ашып отырғанымыз жоқ. Өйткені мемлекеттің негізін қалаушы тұлғалардың есімдерін ел тарихына мәңгі қалдырған мұндай оқиғалар әлемдік тарихта жиі кездеседі. Сондықтан еліміздің бас қаласына тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап қана қоймай, елімізді ырыс пен ынтымақтың алтын бесігіне айналдырған Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыздың есімін беру өте орынды шешім әрі заңды құбылыс», — деп қабылдап, қолдайтындықтарын жеткізді.
Сонымен қатар, «Дегерес» бастауыш партия ұйымының төрағасы Рауан Сағындықов:
— «Елордамыздың «Нұр-Сұлтан» болып өзгеруі тәуелсіз Қазақстан өміріндегі тарихи оқиға. Мұны жамбылдық бастауыш партия ұйымдары тарихи әділеттіліктің орнауы ретінде бағалауда. Ширек ғасырдан астам уақытта елімізді әлемге танытқан тұлғаның кемеңгерлігі мен даналығына мұндай құрмет көрсетілуі заңдылық деп қабылдаймын», — деді Ол.