«Қазақстан-2050» облыстық коалициясы Елорданың атауына қолдау білдірді

0 5

Таразда Елорда атауының өзгеруіне байланысты Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» облыстық коалициясының отырысы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Отырысты «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде демократиялық күштердің облыстық коалициясының бүгінгі отырысы ел тарихындағы ең жауапты әрі аса маңызды кезеңде өтіп отырғанын айтып, еліміздің Тұңғыш Президентінің есімі аса көрнекті реформатор, ұлы саясаткер ретінде тарихымызға алтын әріптермен жазылары сөзсіз екендігін жеткізді.

–Елбасының экономикалық және саяси реформалары мен ауқымды жаңғыру бағыты еліміздің қарыштап дамуының символына айналды. Тұңғыш Президентіміз еліміздің серпінді дамуының берік негізін қалады. Халықтың әл-ауқатының өсуі де Елбасының ерен еңбегінің басты жетістіктерінің бірі. Тұңғыш Президентіміз үнемі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жастар мен көп балалы отбасыларды қолдауға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға көңіл бөліп, басты назарда ұстап келді, — деді Шәбден Тілеумұрат.

Коалиция отырысы барысында сөз алған «Жамбыл облысының кәсіподақ орталығы» кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген Астана мен Елбасы – біте қайнасқан ұғым екенін айтты.

– Оны ешкім ешқашан жоққа шығара алмайды. Сондай-ақ елордаға Тұңғыш Президентіміздің есімін беру жалпы халықтың да пікірі. Біз күнде жан-жақтан хабар алып отырмыз. Жұмысшылар, еңбеккерлер, кәсіподақ ұйымының басым көпшілігі осы қадамға қолдау білдіруде, — деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Іс-шара соңында барша қазақстандықтарды Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған елдің стратегиялық басымдықтарына сөзбен де, іспен де толық қолдау көрсетуге және Елбасының тәуелсіздікті күшейтуге, елді жүйелі жаңғыртуға, сондай-ақ әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын бірлесіп жалғастыруға, астанамыздың атауын өзгерту туралы тарихи шешімге үн қосуға шақырған Үндеу қабылданды.

Айта кетейік, Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясы Nur Otan партиясының бастамасымен құрылған. Ол 5 саяси партияның және 24 ірі қоғамдық бірлестіктің басын біріктіріп, 6,5 миллион қазақстандықтың мүддесін қорғайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.