Өңірде ағымдағы жылы 34 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда

0 15

Облыста тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру бойынша барлық тетіктер қарастырылып, қажетті шаралар атқарылуда. Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында бұл туралы жан-жақты айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде ағымдағы жылға 28 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған десек, бүгінде оған қоса тағы 6 үйдің құрылысын осы жылы аяқтау көзделіп отыр. Ол жергілікті тұрғын үй комбинатының есебінен бой көтермек. Бұл бір жағынан кәсіпкерлікті қолдау мақсатында комбинаттың жүктемесін ұтымды пайдалану болса, екінші жағынан, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін барынша жеделдетіп шешудің жүйелі жолы болмақ.

Оның негізгі тиімділігі – құрылыс құнынының тиімді бағада әрі қысқа мерзімде аяқталатындығында. Нақты атап айтар болсақ, ірі панелді құрылыс бөлшектерінен соғылатын ол тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны – 135 мың теңгеге айналып, аяқтау мерзімі – 3-7 айды құрайды. Ал, нарықтағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 170 теңге құрайды.

Жиында «Бином» ЖШС-нің директоры Серік Олжабеков сөз алып, өз компаниясының мүмкіндіктері мен ағымдағы жылғы жоспарымен бөлісті. Ол тиісті қолдаулар көрсетілген жағдайда өздерінің жүктемелерін барынша арттырып, өңірдегі құрылыс саясатын дамытуға ықпал ете алатындықтарын жеткізді.

Өз кезегінде Асқар Исабекұлы құрылыс жұмыстарының тек уақытылы ғана емес, барынша сапалы атқарылу керектігіне де жіті назар аудартты.

қатар, өңір басшысына өңірдегі тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін соғылатын жатақханалардың жайы да кеңінен баяндалды. Биыл бұл бағытта облыс бойынша 11 нысан бой көтермек. Оның 8-і Тараз қаласында, қалған 3-і аудандардан берілетін болады.

Айта кету керек, жатақхананың ішкі құрылысы ортақ дәлізге емес, көппәтерлі тұрғын үйлердегідей жекелеген кіреберістерге (подъезд) ыңғайластырылмақ. Сондай-ақ, әр пәтердің өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын (санузел) бөлмесі де болады деп күтілуде.

Басқосуда «7-20-25» бағдарламасының облыста жүзеге асырылу барысы қаралып, ондағы кездесіп отырған мәселер жан-жақты талқыланды. Асқар Исабекұлы бұл бағытта Ұлттық банктің облыстық филиалының жұмысын ширату керектігіне аса көңіл бөліп, өзге де екінші деңгейлі банктер мен бағдарлама аясында құрылған арнайы орталықтың сылбыр жұмыстарын сынға алды.

Бағдарлама аясында түскен өтініштердің тиісті орындар тарапынан уақыт созбай тезірек қаралуын баса айтып, алғашқы жарнаны субсидиялау шараларын тағы бір пысықтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.