Назарбаева Қытай елшісімен кездесуінде этникалық қазақтар проблемасын көтерді

0 1

Парламент сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Қытай Халық Республикасының елшісін қабылдады.   

Сенат спикері Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестік орнатудың маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің жоғары деңгейдегі достық, тату көршілік және өзара түсіністік негізіндегі келісімдерін жүзеге асыруға ниетті. Стратегиялық жан-жақты серіктестік негізіндегі қарым-қатынасты нығайту бағытын ұстанамыз», — деді Дариға Назарбаева.

Чжан Сяо ҚХР Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшудың Дариға Назарбаеваға сенат төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтауын жеткізді және әрі қарай табысты жұмыс істеуіне тілектестігін білдірді.

«Біз сіздің парламентаралық байланыстарды дамытуға және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдауға қосқан жеке үлесіңізді жоғары бағалаймыз», — деді ол.

Сенат басшысы екі ел арасындағы жастар ынтымақтастығын белсенді дамыту, атап айтқанда, студенттердің алмасып оқуын және білім гранттарын беруді жолға қою қажеттігін атап өтті.

Дариға Назарбаева Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданындағы қазақтар тақырыбын қозғай келіп, ҚХР-дағы этникалық қазақтар Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаста «достық көпірі» екенін атап өтті. Тараптар осы салада туындайтын мәселелерді өзара ақылдасып, сындарлы түрде шешуге уағдаласты. Кездесу барысында сенат төрағасы Қазақстан азаматтары үшін туристік және жеке виза беруді жаңғырту мәселесін көтерді.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

Leave A Reply

Your email address will not be published.