Аймақ басшысы Жамбыл ауданындағы жұмыс сапарын Айша бибі ауылдық округінде орналасқан «Супер-Фарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір реттік медициналық өнімдер өндіретін зауытынан бастады. 2011 жылдың желтоқсан айында құрылған мекеменің құрылысына 520 млн. теңге жұмсалған. Бұл туралы «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2,894 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорын медицинаға арналған халат, бинт, бір жолғы бахилалар, бетперделер, төсеніштер секілді өндірістік бұйымдар шығарумен айналысады. Жобалық қуаты жылына 15 млн. дана өнім шығаруға қауқарлы өндіріс ошағында 111 адамды жұмыспен қамту көзделсе, қазір 250 адам еңбек етуде. Қызметкерлердің орташа жалақысы 98 000 теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда зауыт қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. 2017 жылы зауыт 17,1 млн. данадан астам өнім өндіріп, 2016 жылмен салыстырғанда 4,2 млн. данаға артық орындалған.
Медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың өндіріс көлемін кеңейту мақсатында 2017 жылы зауыт аумағынан 2 гектар жерге жаңа зауыт құрылысы басталды. Жобаның құны 2 млрд. теңгені құрайды.