Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев өзі жетекшілік ететін сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Байзақ ауданында жұмыс сапарымен болып қайтты. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Облыс әкімінің орынбасары алдымен Н.Гоголь атындағы орта мектептің жағдайымен танысты. Күрделі жөндеуді қажет ететін мектепке құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша әзірленген жобалық-сметалық құжаттың жалпы жобалық құны 319,3 миллион теңгені құрап отыр. 46 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ошағы 640 оқушыға арналған. Бүгінде 1225 оқушы екі ауысымда білім алуда. Сынып бөлмелері мен спорт залын аралаған облыс әкімінің орынбасары мектеп директорына тиісті жобалық-сметалық құжаттаманы талапқа сай әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Бұдан соң Еркебұлан Әбілханұлы Қостөбе орта мектебінің жай-күйімен танысып, жіберілген кемшіліктерге екпін салды.
Сарыкемер ауылындағы орталық ауруханаға қарасты ескі ғимараттың жайын көзімен көрген облыс әкімінің орынбасарынан бас дәрігер Р.Сапарбеков оларды күрделі жөндеуден өткізу үшін 54 миллион теңге бөлуді сұраған-ды. Бас дәрігерге Е.Дауылбаев 33 миллион теңгеге де жаңа ғимарат салуға болатындығын ескертіп, бұл орайда оның жобалық-сметалық құжаттамасын қайта қарап, облыстық құрылыс басқармасына ұсынуға кеңес берді.
Ақшолақ ауылында салынып жатқан 120 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысқан өңір басшысының орынбасары жобалауда кеткен қателіктерді айтты. Мердігерлерге нысан төңірегіне тал-дарақтардың көшеттерін отырғызуды міндеттелді.
Бұдан кейін Еркебұлан Əбілханұлы әкімдіктің мəжіліс залында аудан активімен кездесу өткізді. Жиында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов пен аудан əкімінің орынбасары Дəуір Дəулетовтің, облыс əкімдігінің мемлекеттік сəулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қанат Айтқұловтың, сəулет-қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дəулет Досановтың, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жəнібековтің баяндамалары тыңдалып, құрылыс саласына қатысты электрондық дерекқордың жайы талқыланды.
Жиналыс соңында Еркебұлан Әбілханұлы талап күшейіп келе жатқандығына екпін сала отырып, өңірде атқарылған жұмыстар бар екендігін, жұмысты жүйелі ұйымдастыру нәтижеге жеткізетіндігін баса айтты.Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев айтылған ескертпелер бойынша жұмыстар атқарылатындығын мәлімдеді.
Түстен кейін облыс әкімінің орынбасары жеке кəсіпкер Мұхтар Қарпықов салып жатқан автостанцияны ұлттық стандарт талаптарына сəйкестендіру жұмыстарымен, сондай-ақ, көп балалы отбасына бөлінгелі отырған екі бөлмелі пəтердің жайымен танысты. Бұдан бөлек, Сарыкемер мектеп-гимназиясында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауда еңбек ардагері Шапай Таңатаров Тараз-Мырзатай, Тараз-Сарыкемер-Түймекент бағытындағы автомобиль жолдарының ой-шұқырының басымдығын, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дəлізінің аудан аумағын кесіп өтетін бірнеше бөлігінен айналма жол салынса деген өтінішін айтты. Бектемір Шамхозов медициналық пункт салу жайын, Кеңесбай Бақтияров өзі тұратын көшенің жартысына жарықтандырылу жүргізілсе деген тілегін жеткізді.
Іс сапар соңында Еркебұлан Әбілханұлы Бәйтерек ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесіп, туындаған сұрақтарға жауап берді.
Гүлшахар Әбдіқұлова.