Қазақстанның тұңғыш президенті, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін XIX съезде партия алдағы президент сайлауына өз кандидатын ұсынады.
Nur Otan партиясының саяси кеңесінің отырысында төрағаның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партияның сайлауға белсенді қатысатынын атап өтті.
«Алдымызда үлкен саяси науқан – президент сайлауы тұр. Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл сайлауға біздің партиямыз да белсенді түрде қатысады. Соған байланысты ертең Елбасы, партия төрағасының қатысуымен партияның кезектен тыс XIX съезін өткізіп, алдағы сайлауға қатысатын кандидатымызды ұсынамыз», – деді Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев президент сайлауына қатысатын нұротандық кандидаттың есімін ертеңгі съезде Елбасы айтатынын жеткізді.
«Қазақстанның тұңғыш президентінің ұсынысымен біздің партиямыздан ел президенттігіне кандидат ұсыну билік сабақтастығының маңызды факторы болып саналады және Nur Otan партиясының Елбасы саясатын толығымен әрі қарай жалғастыратынын көрсетеді», – деді Ол.
Партия жарғысына сәйкес, Қазақстан республикасының президенттігіне партия атынан кандидат ұсыну тек партияның жоғары басшылық органы – съезд шешімімен жүзеге асырылады.
Партия саяси кеңесінің мүшелері Қазақстан республикасының президенттігіне кандидат ұсыну туралы мәселені партияның XIX съезінің қарауына енгізу туралы ұсынысты қолдап, көтерілген мәселе бойынша саяси кеңес қаулысын қабылдады.
Nur Otan – 1999 жылы ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Отан» партиясы. Партияның көшбасшысы ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып табылады.
Дереккөз: Sputnik Қазақстан