Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында «Жамбыл -адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайрат Меклисов атқарған жұмыстардың есебін берді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі xабарлайды.
Жиында жоба жетекшісі тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы орта құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша атқарылған шараларға жан-жақты тоқталды.
Мәселен, жоба аясында бүгінге дейін өңірде 174«Адалдық дүкені» ашылды.
«Артық алаңдарды тиімді пайдалану» бойынша 440 мектепке зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде кабинетінің аумағы 35-50 шаршы метрді құрайтын 74 мектеп директорының кабинеттері 11-20 шаршы метрлік алаңдарға қысқартылып, босатылған 866 шаршы метр алаңдарға робототехника, сурет және ағылшын тілі сыныптары ашылған.
Осы уақытқа дейін 17 мемлекеттік орган басшыларының демалыс бөлмелері анықталып, өзге қажетті мақсаттарға пайдалануға берілді, 5 мемлекеттік орган коммуналдық меншіктегі ғимаратқа орналастырылып, нәтижесінде 16 миллион теңге қаражат үнемделді.
Жобалық кеңсенің «Сенім жәшігі» акциясы аясында өңірдегі 3 жоғары оқу орны мен 19 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің 3759 студенті арнайы сауалнамаға қатысты. Сауалнама қорытындысы бойынша 125 студент оқытушылардың атын атай отырып, олардың 2000-7000 теңге көлемінде сыйлық алатындығын көрсетті.
Жобалық кеңсенің қатысуымен денсаулық сақтау саласындағы заңсыз анықтамалар сату, жүргізуші куәлігін беру, жол белгілерін жою, техникалық байқау пунктеріндегі анықталған заң бұзушылықтарды анықталды.
Жоба жетекшісі Қайрат Меклисов өңір басшысынан аудандарда «Сервистік әкімдік» орталықтарын ашуға, «Қатысу бюджеті» жобасын іске асыру, яғни, қала (аудан) аумағын көркейтуге және дамытуға бағытталған, қосымша қаражат талап етпейтін, бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етуге және бюджетті игеруге азаматтардың үлесін ұлғайтуға арналған жоба аясындағы бастамалар бойынша ықпал етуін сұрады. Асқар Исабекұлы алдымен орталық жұмысының тиімділіктерін анықтап алу керектігін, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Өңір басшысы «Жамбыл-адалдық алаңы» жобасының маңыздылығын атап өтіп, жоба жұмысын одан әрі күшейтуді тапсырды. Асқар Исабекұлы анықталған кемшіліктер мен заң бұзушылықтар туралы ай сайын тиісті облыс әкімінің орынбасары мен қатысты басқарма басшыларына мәлімет беріліп, жауапты тұлғалар өз деңгейінде шешім қабылдауы керектігін баса айтты. Сондай-ақ, жобаның жұмысы тоқсан сайын облыс әкімі деңгейінде қаралып, жоспары сараланып отыратын болады.