Тараз қаласындағы түзеу мекемесінде спартакиада өтті

0 0

Тараздағы ЖД-158/7 түзеу мекемесінде спартакиада өтіп, оған сотталғандармен қатар балалар үйінің ересек тәрбиеленушілері де бақтарын сынады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Бәсекелі доданың өтуіне ЖД-158/7 мекемесімен қатар облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы, «Сотталғандарды оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. Жарыс кіші футбол, армрестлинг, арқан тартыс және кір тасын көтеру сынды 4 спорт түрінен өтті.

Мақсат – аңдамай басып, сағы сынған жазасын өтеушілерге үміт сыйлай отырып, өскелең ұрпаққа айрықша сабақ ету. Қылмыстың құрдымына түскендерді көзбен көріп, бұзақылық жазасыз қалмайтындығын ұғындыру. Қызықты әрі тартысты өткен сайыста қол күресі, кір тасын көтеруде «Жасұлан» командасының жас өрендеріне тең келер ешкім табылмады.

Сондай-ақ, оқ бойы озат шығып, білектілер «мыңды» жықты. Ал аяқдоп пен арқан тартыста түзеу мекемесі командасына есе жіберіп, сотталғандар шыныққан екендіктерін дәлелдеп-ақ берді.

«Қос тарапқа да ерекше әсер мен күш-жігер сыйлаған шараны ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдыру көзделуде», — дейді ұйымдастырушылар.

Жиын соңында жүйріктер мен үздіктер марапатталып, атаулы мекемеде сотталғандардың қолымен әзірленген қолөнер бұйымдары табыс етілді.

Жамбыл облысы бойынша ЖД-158/7 мекемесінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.