Жамбылдық ақ халаттылар шетелдік мамандармен пікір алмасты
Ағымдағы жылы 2 мамырда Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында «Акушерлік және гинекологиялық мәселелерді шешудің заманауи тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, — деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Іс-шараға Тараз қаласы мен облыс аудандарының акушерлік-гинекологиялық бейіндегі 80-нен астам мамандар қатысты. Сөз сөйлеушілердің баяндамалары бүгінгі күнгі өзекті акушерлік және гинекология мәселелеріне қатысты болды.
Қатысушыларға Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде практикалық денсаулық сақтау мамандары үшін конференцияның маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Конференция қатысушыларына ризашылығын білдіріп, қатысушыларға жаңа білім алуға тілек білдірді.
Конференцияда Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы Ұлттық акушерия және перинаталогия ғылымы орталығының м.ғ.д., профессор Баев Олег Радомирович сөз сөйледі. Сондай-ақ, Жамбыл облысының босандыру ұйымдарының мамандары баяндама жасады.
Облыстың және шетелдің түрлі медициналық ұйымдарының мамандары акушерлік, гинекологияның өзекті мәселелерін талқылап, конференция қатысушыларымен өз тәжірибесімен және құнды практикалық дағдыларымен бөлісті. Ерте босанумен, акушерлік қан кетумен, жүктілік кезіндегі гипертензиялық жағдайлармен, босану индукциясымен және т.б. байланысты бірқатар мәселелер талқыланды. Дәрігерлік практиканың бұл мәселелері конференцияда баяндамалар мен пікірталастардың орталық тақырыптары болды.
Аталған шараны Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мен Жамбыл облыстық перинаталдық орталығы ұйымдастырды.
Конференция соңында қатысушыларға сертификат табысталды.