Тараз қаласындағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ мен Халыққа қызмет көрсету орталығының бірлесуімен «Цифрлы азамат» атты семинар-тренинг өткізілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Семинарға қатысушылар «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері, «Белсенді өмір сүру» орталығының өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері өкілдері болды.
ХҚКО бас маманы О. Боранғазиев «Е-GOV» порталының көмегіне жүгінетіндер саны жылдан жылға тек өсіп келе жатқандығын түсіндіре келе, «Е-GOV мобильді қосымша» жобасы да бүгінгі күні көпшіліктің игілігіне қарай жұмыс істейтіндігін атап көрсетті.
Сондай-ақ, азаматтар ұялы телефон арқылы баспана кезегін бақылап, мекен-жай анықтамасына немесе билетке тапсырыс бере алатындығын да анықтап түсіндірді.
— Қажетті құжаттар электронды поштаға келеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жеке адамға, бизнеске арналған, «ақылды үй» жүйесі, парковка, интернеттің барлық қызметтері қазір тек цифрлық жүйе арқылы орындалады. Интернеттің вайфай желісі тек бір құрылғы арқылы ғана жұмыс жасап, қаншама істерді бітіріп, жүзеге асырып отырады. Транспорт жағына келсек, автокөліктің түрлі қызметтерін де үйден шықпай- ақ төлеп отыра беруге болады, — дейді маман.
Айтуынша, смартфонның өзіне көптеген бағдарламалар орнатуға, сонымен бірге банк карталарын да интернет арқылы тиімді қолдануға болады. «Е-GOV» арқылы барлық жастар, жұмыссыз жүрген адамдар, студенттер арыз-өтініш беріп, жұмыспен қамтамасыз ету орталықтарына тіркелуіне болады. Қазір «Оңай» деген картаға ақша салып қойып, транспортты да, басқа да төлем қызметтерін орындауға болады.
Сонымен қатар, жаңа туылған балалардың туу куәлігіне дейін қазір интернет арқылы алуға болады, баланың құжаттарын тіркеп, бала-бақшаға да кезекке тұру әбден мүмкін.
ХҚКО мамандары «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша маңызды тұстарын түсіндіріп, «Цифрлы азамат» тренингтерін өткізу арқылы бірқатар мәселелерді жүзеге асырып, жиналған жұртшылықтың цифрлық сауаттылықтарын ашты.