Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде «Халықаралық бірлік күні» және 9-мамыр «Ұлы Жеңіс күні» мерекелері кең көлемде аталып өтті. Бұл туралы түзету мекемесінің баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Түрлі мәдени-бұқаралық сондай-ақ спорттық іс-шаралар ұйымдастырылса, кіл мықтылар да сарапқа салынды. Салтанатты жиын болып өтіп, шараның шымылдығын түрген мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет майоры Мейірғали Ракишев құттықтау сөз сөйледі. Одан соң, концерттік бағдарламамен жалғасын тауып бірлік, майдан даласындағы, жеңісті арқау еткен әндер шырқалып, жүрекжарды туындылары осы кеште паш етілді.
Сонымен қатар, сотталғандар сұм соғыстың келбеті мен бүгінгі дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанды бейнелеп түрлі қабырғалық газеттер жасап, жиылғандар назарына ұсынды. Осы күні футболдан турнир бастау алса, мекемедегі әр жасақтың командалары қатысып ойындар өте тартысты өтті.
Үш күнге созылған турнирдің нәтижесінде I орынды №2 жасақ иеленсе, II орынды №3 жасақтың командасы, ал III орынды №4 жасақ місе тұтты. Мұнан өзге, жазасын өтеушілер арасында шахмат, дойбы, үстел теннисі, караоке батл, армреслинг және кір тасын көтеру сынды ойын түрлерінен жарыстар өткізілді.Белсенділік танытып, қарсыластарынан оза шапқандар марапатқа да ие болды.
Осылайша, мейрамға арналған бағдарлама көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосса, басты мүдде — жаза басып жаңылғандарды рухани тұрғыда оңалту еді.