Жыл соңына дейін ұялы телефонды төлем құралы ретінде пайдалану жобасына қосылған банктер саны 10-ға жетеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жедел төлемдерді дамыту үшін Ұлттық банк ұялы телефонды төлем құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін жоба енгізді. Бүгінгі таңда жобаға 3 банк қатысуда, ал жыл соңына дейін 10 банкті қамту жоспарланып отыр», — деді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, онлайн сауданы ынталандыру үшін 2023 жылға дейін салық жеңілдіктері көзделген. Оны алуға бизнес субъектілерінен 509 тапсырыс берілді.
«Қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту үшін онлайн БКМ және ERP жүйелерін сатып алуға арналған шығындар салығын төлеу есебінен мемлекеттің өтеуі бойынша салықтық ынталандыру қарастырылған. 2 жылдың ішінде 120 мың теңгеге дейін өтеу көзделген», — деді Р. Дәленов.