Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен селектрлік режімде алқалы жиын өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және барлық аудан әкімдері қатысты. Онда ағымдағы жылдың төрт айы бойынша қорытынды көрсеткіштер қаралып, 2020 жылы бюджетті қалыптастыру және «Ауыл – ел бесігі» жобасына қатысты жобалық сметалық құжаттардың дайындығы туралы мәселелер сараланды.
Басқосуда бірқатар басқарма басшылары баяндама жасап, өздеріне тиесілі саладағы негізгі бағыттарды іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар мен проблемалық мәселелерді атап көрсетіп, кездесіп отырған кемшіліктер бойынша шешімдерін ұсынды.
Өз кезегінде құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары 2020 жылға бюджетті қалыптастыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттардың дайындауда аудандар тарапынан атқарылып отырған жұмыстардың сапасы сын көтермейтінін жеткізді.
Аудандағы тиісті басшылар облыс әкімінің «Бюджет заңнамасының орындалуының тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №50 қаулысы бойынша жұмыс жүргізуге құлықсыздық танытқан. Соның салдарынан бірқатар жобалық сметалық құжаттардың сараптама қорытындысы уақытылы алынбай, сәулеттік-жоспарлық тапсырмалары мерзімінен кешігіп әзірленуде.
Сондай-ақ жиын барысында «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында жүргізілетін құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарының дайындығы, 2019 жылғы қаңтар-сәуірдегі облыс бюджетінің орындалуы, бюджетті игеру барысында орын алатын кемшіліктер және «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының іске асырылуы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және олардың жұмысын дамытуды үйлестіру, «7-20-25» бағдарламаларының орындалуы туралы мәселелер жан-жақты талқыланды.
Олар бойынша аудан басшыларына жұмысты ұйымдастыру және өз деңгейінде жүргізу талаптары қойылды.
Асқар Исабекұлы жиынның күн тәртібінде қаралған мәселердің маңыздылығын атап өтіп, бюджетті қалыптастыратын жобалардың құжаттарын әзірлеуде сылбырлыққа жол берген аудандардың жұмысын сынға алды.
Аудан басшылары да өз кезегінде бюджетті қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізуге дағдылану керектігін ескертті. Өңір басшысы жалпы алғанда облыста төрт айдың қорытындысы бойынша оң динамика сақталып отырғанын, алайда жоғарыдағы мәселелерге жүрдім-бардым қарауға болмайтынын баса айтты.
Жұмыс нәтижелері жарты жылдық қорытындымен тағы да қаралатынын, онда қайталанған кемшіліктер бойынша қабылданатын шешімдердің қатаң болатынын жеткізді.