Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен оқу жылын аяқтау, ҰБТ, каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру бойынша жиын өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» АА облыс әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Онда облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова баяндама жасады.
Биылғы оқу жылын облыстағы 446 мектеп бойынша 222 801 оқушы аяқтамақ. Ал, 364 орта мектеп бойынша 8796 түлек мектеп бітірмек. Бұлар тиісінше қорытынды аттестаттауға қатыспақ. Биылғы мектеп бітірушілердің ішінде 328 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне, 245 түлек үздік аттестатқа үміткер.
Өңірдегі жалпы түлектердің 5913-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп күтілуде. ҰБТ Тараз қаласындағы ТарМУ және ТарМПУ жоғары оқу орындарында және Жуалы, Талас, Сарысу, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай, Мойынқұм аудандарында орналасқан 10 пункт бойынша өткізіледі. Басқарма басшысының айтуынша ҰБТ-ға дайындық жұмыстары өз деңгейінде өтуде.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру.
Рахия Сейітбекқызы барлығы 203 107 оқушы сауықтыру лагерьлерімен қамтылатынын жеткізді. Оның ішінде 185 516 оқушы 425 мектеп жанындағы лагерьде, 8046 оқушы 10 қала сыртындағы лагерінде, 160 оқушы палаткалық лагерьде, 290 оқушы республикалық лагерьлерде және 9095 оқушы ата-аналар, демеушілер есебінен демалмақ. Сондай-ақ, жазғы демалыста 37716 оқушы туристік саяхаттар мен экскурсиялармен, 108 676 оқушы үйірмелермен қамтылып, 16791 оқушы еңбек жасақтарына тартылмақ. Айта кету керек, мектеп жанындағы лагерьлермен қамтылатын 185 516 оқушының 21 378-і аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары. Олар тиісінше бюджет есебінен аталмыш лагерьде тегін демалмақ.
Асқар Исабекұлы қала сыртындағы лагерьлердің саның арттыру керектігіне тоқталып, ол үшін алдымен оған деген сұранысқа талдау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Қажетінше ондай жаңа лагерьлерді мемлекеттік-жекенменшік әріптестік аясында салудың тиімділігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, облыс әкімі мектеп жанындағы лагерьлердің ұйымдастырылу тәртібінің бірыңғай бағдарламасын жасауға көңіл бөліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Бірыңғай бағдарлама оқушыларды жалықтырмайтын рухани, тәрбиелік мәні бар шараларды және олардың қызықты деңгейде өткізілуін қамтуы тиіс екендігін баса айтты. Жиында барысында палаткалық лагерьлерде қауіпсіздік шаралары мен медициналық талаптар қаншалықты сақталатынына жіті көңіл бөлген өңір басшысы оның да арнайы талабын бекіту керектігін баса айтты.