Кейбіреулердің кейде ұйықтап жатып сөйлейтін әдеті бар. Ол нені білдіреді, себебі неде? Статистика бойынша, әрбір 20-шы ересек адам түсінде сөйлейді, ал балалардың әрбір екіншісі ұйықтап жатып сөйлегенді ұнатады.
Түсінде сөйлеуге (сомнилоквияға) бейімдік ата-анадан беріледі деп есептеледі. Алайда ғалымдар түсінде сөйлеу күндіз өткерген стресспен байланысты дейді. Яғни адамның күндізгі көңіл-күйі (бірнәрсені уайымдаса, қатты қуанса немесе жыласа т.б) мен іс-әрекеттерімен тікелей байланысты. Күндіз үлкен психологиялық күш алған адам ұйықтағанда миының сөйлеуге жауапты қабатының орталықтары оянады да тіл «іске қосылады».
Адам көбінесе баяу, терең емес ұйқыда сөйлейді. Ол кезде сөздері үзік-үзік, түсініксіз болады. Ал түс көріп жатып сөйлесе сөздері анық болып келеді. Мұның барлығы қорқынышты көрінгенмен, ұйықтап жатып сөйлеу ауытқуға жатпайды.
Түнде сөйлеуді болдырмау үшін ұйықтар алдында шым-шытырық фильмдер көрмеген жөн. Тойып тамақтанбау қажет. Жатын бөлменің ауасын тазартып, желдетіп алған дұрыс. Сонымен қатар ұйықтар алдында таза ауада жүрген жөн.
Дереккөз: massaget.kz