Тіс жұлдыру – ағза үшін кез келген ота секілді күйзеліс. Тіс жұлғаннан кейін орны жылдам жазылу үшін 3-4 күн шамасында бірнеше ережелерді сақтау керек. Ендеше, тіс жұлғаннан кейін туындайтын 10 сұраққа жауап ұсынамыз.
1. Қанаған жағдайда не істеу керек? Процедурадан соң тіс дәрігері капиллярлық қан ағуды тоқтату үшін жұлынған тістің орнына мақта салып қояды. Сол мақтаны жақтарыңызбен қатты қысып ұстаңыз, 20 минут шамасында алмаңыз. Сол кезде тістің қуысында қан түзіледі. Ол тіс қуысына бактерия не тамақ қалдығының өтіп кетуінен және қабынудан қорғайды.
Ұйысқан қанды сақтау үшін аузыңызды шаймаңыз және түкірмеңіз.
Егер қан тоқтамаса, сізде нашар ұйығыштық немесе жоғары артериялық қысым болғаны. Бұл жағдайда мақтаны 40-60 минут ұстаған жөн. Тіс қуысын тазартпаңыз, тіліңізді тигізе бермеңіз. Әйтпесе, жараға инфекция түсіп кетеді.
2. Тіс жұлғаннан кейінгі ауырсынуды қалай басу керек? Анестезия әсері бірнеше минуттан бірнеше сағат аралығында басылуы мүмкін. Оның әсері кете бастағанда тістің орны ауыра бастайды. Оны кез келген ауырсынуды басатын немесе дәрігер жазып берген дәрімен басуға болады. Егер одан кейінгі күндері де тістің орны ауыра берсе, міндетті түрде дәрігерге көрсетіңіз.
3. Қашан және қалай ауыз шаю керек? Тіс жұлғаннан кейін бір тәулік бойы ауыз шаюға болмайды. Жара жылдам жазылу үшін ауызды түймедақ пен қырмызыгүл қайнатпасымен немесе тұз, ас содасы ерітіндісімен шаюға болады. Ауыз шаю кезінде сұйықтықты ауызда шайқауға болмайды. Аузыңызға ерітіндіні толтырып алып, шайқамай, жай ғана шамалы ұстаңыз. Содан соң түкіріп тастаңыз. Осыны бірнеше рет қайталаңыз.
4. Қашан тамақ жеуге болады? Тіс жұлғаннан кейін 2-3 сағат тамақ жеуге және су ішуге болмайды. Анестезия әсері кеткенше және ұйысқан қан қатайғанша күтіңіз. Тамақты тіс жұлған жерге жақындатпай шайнау керек. Қатты, ыстық және ащы тамақ жемеуге тырысыңыз. Мысалы, жаңғақтардан уақытша аулақ болыңыз. Ащы және ыстық тамақтар қан құйылуын жоғарылатады, соның салдарынан ісік пайда болады. Яғни, жұлынған тістің орны ұзаққа дейін жазылып болмайды.
5. Салқындатуға бола ма? Суық компресс қан тамырларын тарылтады, ісік қаупін төмендетеді, қан ағуды және қабыну процестерінің пайда болу мүмкіндігін азайтады. Суық компресті жұқа дәке арқылы басып, 25 минуттан артық ұстамаңыз. Егер тіс дәрігері суық компресс жасауға кеңес бермесе, оны өздігінше істеудің қажеті жоқ. 6. Қыздыруға бола ма?
Монша, сауна, солярий секілді жерлерге баруға болмайды және ыстық ванна қабылдауға тыйым салынады. Егер дене температурасы көтерілсе, қан ағысы күшейіп, қан ағу немесе қабыну процестері басталып кетуі мүмкін. 7. Темекі тартуға және алкоголь ішуге бола ма?
Темекі тарту мен алкоголь ішу қан ағуға итермелейді, тітіркендіреді және шырышты қабыққа індет жұқтырады. Жара жылдам жазылу үшін тіс жұлғанға дейін 1 күн және оны жұлғаннан кейін 1-2 күн темекі тартпауға тырысыңыз. Алкоголь тіс қуысын жұқпадан қорғап тұрған қанды ерітіп жібереді. Сондықтан тіс жұлғаннан кейін 3 күн шамасында алкоголь ішпеңіз. Егер дәрігер антибиотик жазып берсе, 2 апта бойы алкоголь ішуге тыйым салынады.
8. Спортпен айналысуға бола ма? Физикалық жүктемелер қысымды көтереді және қан ағуды күшейтеді. Сондықтан тіс жұлғаннан кейін 1 тәулік бойы спортпен шұғылданбаңыз.
9. Тісті қалай тазалау керек? Тіс жұлғаннан кейін тіс тазалағанда щетканың тіс қуысына тимеуін қадағалаңыз және оған көрші тұрған тістерді жақсылап тазартыңыз. Тіс пастасын аз ағызып, жұмсақ тіс щеткасымен тазалаңыз. 10. Тіс қызыл еті қабынып кетсе, не істеу керек? Егер тіс қуысындағы ұйыған қанды зақымдап алсаңыз, тіс қызыл етінің қабынуы әбден мүмкін.
Оның белгілері: — Ұзақ уақыт бойы (тәулік және одан да көп) ауырудың кетпеуі және оның күшейе түсуі; — Тіс қуысынан жағымсыз иістің шығуы. Бұл белгілерді байқасаңыз, міндетті түрде тіс дәрігеріне көріну керек. Тіс жұлған күні температура жоғарылауы мүмкін. Егер температура келесі күні де түспесе, дәрігерге қаралыңыз.
Дереккөз: massaget.kz