Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттарды тапсырды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Тоқаев рәсім кезінде сыйлық лауреаттары мен грант иелерін, алғыс жарияланған шығармашылық ұжымдарды және барлық журналистер қауымын келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Бұқаралық ақпарат құралдары – жаңалықтың жаршысы. Ел ішіндегі және әлемдегі оқиғалардан халыққа шұғыл әрі шынайы ақпарат тарату – Сіздердің кәсіби еңбектеріңіз. Сондықтан, Сіздердің қоғамдық маңызы зор қызметтеріңізге біз әрқашан құрметпен қараймыз, бағалаймыз. Менің тапсырмам бойынша Үкімет арнайы қаулымен Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекітті», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев озық технология заманында медиа саласының мүмкіндіктері өте ауқымды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы журналистиканың жаңа дәуірінде ғаламтор желісі мен әлеуметтік желілердің айрықша рөліне тоқталып, ақпараттың ашық, жедел және қолжетімді болуы жетістіктің басты өлшемдеріне айналғанын айтты.
«Мемлекеттің әлеуетін нығайту, экономиканы дамыту, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінде еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер. Отандық медиа-қауымдастықтың сындарлы негізде ұйысуы, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табысты жұмыстың негізгі шарттары. Мемлекет өз тарапынан БАҚ-қа қолдау көрсете береді», – деп атап өтті президент.
«Жас Өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбекке, «Комсомольская Правда – Қазақстан» газетінің бас редакторы – Виктор Кияницаға, «Ана тілі» газетінің бас редакторы – Жанарбек Әшімжанға, «Астана» телеарнасының редакторы – Жайна Жақсылықоваға мемлекет басшысының өкімімен сыйлық тағайындалды.
Гранттар «Хабар 24» телеарнасының тілшісі – Рауан Мыңбаевқа, «Qazaqstan» телеарнасындағы «Мәселе» талдамалық бағдарламасының жүргізушісі Нартай Сәрсенғалиевке,
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Маңғыстау облыстық филиалының шеф-редакторы Әсем Сартбаеваға тапсырылды.
«Егемен Қазақстан», «Экспресс К», «Знамя труда» және «Шалқар» радиосы шығармашылық ұжымдарына Қазақстан Республикасы президентінің алғысы жарияланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарын «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Хабар» телеарнасы талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачев, «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Қымбат Досжан және Дана Нұржігіт, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Шалқар Қожаев, «Qazaqstan» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай, «Литер» газеті бас редакторының орынбасары Жанна Ойшыбаева, «КТК» телеарнасының бас директоры Эльмира Джамилова, сондай-ақ «Қазақпарат» ХАА және «Жетісу» телеарнасы алды.
Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын нығайтуға белсенді атсалысқаны үшін Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия және радио хабарларын тарату компаниясы мен «CCTV» Халықаралық телеарнасы Қазақстан президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мемлекет басшысының атынан еліміздің барлық өңіріне жіберілген алғыс хаттар үздік журналистерге салтанатты түрде табыс етілетін болады.