Жамбыл облысының білім басқармасы Түркістан облысы Арыс қаласында орын алған оқыс оқиғадан зардап шеккен балаларды жазғы демалыспен қамтуға қол үшін беруге дайын, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Осы мақсатта облыста орналасқан қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінің мүмкіндіктерін қарастыра отырып, Арыс қаласының 200-ден аса баласын жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күні, балаларды Шымкент қаласынан Тараз қаласына жеткізетін автокөліктер қарастырып, Түркістан облыстық білім басқармасымен 27,28,29 маусым күндері Таразға кезең-кезеңімен жеткізілетін балалар мен жасөспірімдердің тізімі жасалуда.
Сонымен қатар, балалардың жас ерекшелерін ескере отырып, қажет болған жағдайда киім-кешектермен де қамтамасыз ету шаралары жоспарлануда.
Арыс қаласынан келген балаларды алғашқы болып Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Жасөркен ауылының аумағында орналасқан «Болашақ» сауықтыру лагері мен Жуалы ауданындағы «Тау Самалы» сауықтыру кешені қабылдайтын болады.