Өңір басшысы Асқар Мырзахметов жұмыс сапарын Жуалы ауданында қорытындыламақ, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін өңіріміздің барлық аудандарын жұмыс тобымен аралап, келелі жиын өткізіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рəсімінде тапсырған негізгі он маңызды бағытын халыққа барынша насихаттай отырып, қосалқы шаруалықты дамытудың мақсатын түсіндірген еді.
Жалпы бұл топтың көздегені «Қарапайым заттар экономикасы» аясында ауыл халқының белсенділігін арттырып, үй жанындағы қосалқы шаруашылықты жүргізу, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын үйлестіре отырып, ауыл жұртының əл-ауқатын арттыру.
Жуалы ауданында 14 ауылдық округ бар. Аймақ басшысы Нұрлыкент пен Қызыларық ауылдық округтерінде өткен кездесулерінде халыққа осыны барынша жеткізіп, ең алдымен аудан, ауыл əкімдерінің жəне ауыл халқының түсінігін қалыптастыруға тырысты. Сондай-ақ үй жайында қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырған бірқатар аулаларды аралап көріп, олардың жұмысымен танысты.
Түстен кейін аудан активімен кездесіп, бұл бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын болады.