Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласына арнайы келді,- деп xабарлайды «ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаланы қалпына келтіру бойынша өңірлердің штаб жұмыстарын барлаған үкімет басшысы Жамбыл облысының штабына да бас сұқты. Штабтың белсенділігін, жамбылдық құрылысшылардың жемісті жұмысын атап өтіп, жоғары бағасын берді. Сондай-ақ, өзге де өңірлердің штабтарының жоспарлы шараларымен танысқан Асқар Ұзақбайұлы қаланы қалпына келтіру жұмыстары уақытылы әрі сапалы орындалуы керектігіне көңіл бөлді.
Айта кетейік, Арыс қаласын қалпына келтіру бойынша Жамбыл облысының штабы жемісті жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде кешеге дейін 21 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Сондай-ақ, қазіргі таңда жамбылдық 300-ден астам құрылысшы 180 жеке тұрғын үйдің демонтаж жұмыстарын жүргізуде.
Бұған дейін xабарлағанымыздай өңірімізге тиесілі бөліністе 11 көше бар. Онда 312 жеке тұрғын үй, 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан анықталған.
Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жүргізілді.
Қираған 3 үйдің екеуі қайта соғылып, біреуі толық жаңғыртылмақ. Қажетті құрылыс материалдары күн сайын жеткізілуде. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан бөлінуде.
Сонымен қатар, жамбылдықтардың Арысқа гуманитарлық көрсетуі әлі де жалғасуда. Жуырда ғана Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясынан Арыстағы құрылысшылар мен жергілікті тұрғындар үшін азық-түлік жөнелтілді. Демеушілпердің есебінен жіберілген үш камаз азық-түліктің ішінде картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күріш, сиыр еті, ауызсу, макарон, сұйық май, алма, шұжық және 16 тонна ұн бар.