Жуалыға «Симментал» тұқымды мүйізді ірі қара малы әкелінді

0 22

Жуалыға «Симментал» тұқымды мүйізді ірі қара малы әкелінді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Облыста мал өсіру ауыл шаруашылығындағы басты бағыттардың бірі. Сондықтан да болар Жуалыдағы «Төлеген» шаруашылығында бұл сала жақсы дамыған. Шаруашылықта «Сыбаға» бағдарламасы арқылы алған 220 бас МІҚ малының аналық басы бар. Одан бөлек, 7 бас асыл тұқымды бұқа алып, бүгінгі күні асылдандыру жұмыстарын жүргізіп отыр.

Қожалық жақында тағы да 64 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды. Бұл жолы «Симментал» тұқымды сиырлар Чехиядан әкелінді.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы арқылы 60 млн. теңге несие алып, қосымша өз қаражатынан 4,0 млн. теңге қосып сатып алынған МІҚ малының жеткізілгеніне бір-екі күн ғана болыпты. 

— Симменталь тұқымды сиырлар біздің Жуалының ауа райына бейім екен. Сондай-ақ олар етті, сүтті болып келеді. Басқа тұқымдарға қарағанда сүті жақсы. Сапалы сүт алу үшін, жақсы жағдай жасау керек. Сондықтан да заманауи ферма салып жатырмыз, – дейді қожалық басшысы Мейірбек Төлегенов.

2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың иелігінде 310 гектар егістік және 600 гектар жайылымдық жер бар. Қожалық қазіргі уақытта 200 басқа арналған сүт тауарлы ферманың құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

Жалпы биылғы жылы 2018-2027 жылдар аралығында етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шет елден 4 000 бас МІҚ малын әкелу жоспарланса, бүгінгі күні 2 923 бас МІҚ малы әкелінді. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.