Жамбыл облысында ЖД-158/7 мекемесінде «Мандела күні» аталып өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Осыған орай семинар сабақ өткізілсе, оған аймақтағы адам құқығын күйттеп жүрген «Болашақ», «Бірлік» және «Феникс» сынды қоғамдық бірлестік өкілдері шақырылып, саяси салмақты, өзекті тақырыпқа үн қосты.
Адам құқықтарын таптайтын саяси режимге, солақай билікке қарсы күресушілер тарихта аз.Ал мыңмен жалғыз алысып, сол қасіретті саяси жүйені құлатып, жеңіп, демократиялық қоғам орнатып кеткендер тіптен саусақпен санарлық. Соның бірі және бірегейі Нельсон Мандела.
Ол апартеидке қарсы, адамның тең құқықтары,демократиялық құндылықтар жолында қызу күрес жүргізіп, әділдік үшін өмірінің 27 жылын түрмеде өткізген. Соңында жеңіске жетіп 1993 жылы Нобель сыйлығын иемденсе, 1994 жылы ОАР-да демократиялық тұрғыда алғаш өткізілген Президент сайлауында басым қолдауға ие болып, 5 жыл елді басқарады. 2009 жылы БҰҰ шешімімен 18-шілде халықаралық Мандела күні деп бекітілген.
Айтулы датаны арқау етіп өткізілген семинарда теңдік үшін тірескен тұлғаның өмір жолы, жетістіктері таныстырылып, қызу талқыға түсті. Мұнан өзге, бірлестік жетекшілері сотталғандардың құқығы сақталуын, қоғам азаптауға қарсы екендігін тілге тиек етті. Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласып, ой бөлісті. Қамаудағылардың сұранысына сай, алдағы уақытта атаулы күнді атап өтуді игі дәстүрге айналдыру жоспар да бар.