Меркі ауданында облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиын барысында ҚХА ХХVІІ сессиясының өңірлерге қатысты қорытындысы бойынша Елбасының тапсырмаларын іске асыруда Облыстық қоғамдық кеңес пен облыстық ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көшпелі отырыс Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесі және облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өтті.
Отырысқа Меркі ауданының және Талас ауданы әкімдерінің орынбасарлары, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімдері, аудандық «Жастар ресурстық орталықтары», облыстық қоғамдық кеңес, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының және Талас, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аударының қоғамдық келісім кеңестері, «Сыпатай батыр» ЖШС басшылығы, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық жиында модераторлық жасаған Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облысындағы филиалы төрағасының орынбасары — Тілеумұрат Шәбден Тоқтасынұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс аудандарында және оның ішінде Меркі, Талас аудандарында қоғамдық келісім кеңестерінің мемлекеттік саясатты түсіндіру тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы сөз бастап, аудан әкімі орынбасарлары баяндама жасады. Сонымен қоса, республикамызда құнды саналып отырған конфессияаралық келісімнің тәжірибелері барысында да Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі діннің игілікті рөлдері, сонымен бірге, ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайту жолында өзге этностардың да барынша үлестерін қосып отырғандары сөз болды.
«Қоғамдық келісім кеңесі бұл берілген тапсырманы орындап, есебін беріп отыру емес. Болмаса ұлтаралық немесе конфессия аралық қатынас емес. Халықтың ішіндегі қоғамдық келісім. Аты айтып тұрғандай қоғамдағы болып жатқан түйіткілдердің шешу жолдарын тауып, келеңсіздіктерді болдырмау. Қазіргі таңда дүниенің әр қиырында неше түрлі келеңсіз жайттар орын алуда. Ал, мұндай жағдайдың Меркі болмаса Таласта болмайтындығына кім кепіл» -деді Шәбден Тоқтасынұлы.
Кеңес төрағасы жастардың еңбекке құштарлығын арттырып, елге қызмет ету керектігін естеріне салды. Кеңес басшысы мұнымен ғана шектелмей 2009 жылы Қордай ауданына келген әр мемлекеттің шенділерінің арасынан Тәжікстандық полковниктің Қазақстанның армиясы материалдық техникалық базасы жағынан жоғары деңгейде екендігін және мұндағы бейбітшілік пен келісімнің мықты сақталғандығы туралы айтқан естелігімен бөлісті. Бұл арқылы өз еліңнің өсіп өркендеуіне мықтап күш салуға тиіс екеніңді ұғынуға болады деген тілегінде тілге тиек етті.
Отырыс барысында Меркі аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясында берілген жергілікті бюджеттердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік секторда прогрестік технологияларды ілгерілету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы аудандық кеңестің төрағасы — Керімкулов Алижан өз баяндамасын жасады. Сондай-ақ, жиында Талас, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аудандарында қоғамдық келісім кеңесі төрағаларының 2018 жылы және 2019 жылдың 1 жарты жылдығында атқарған жұмыстарының нәтиежелері тыңдалды.
Сонымен қатар көшпелі отырыста ҚХА XXVII сессиясында өңірлерге Елбасының берген тапсырмасы бойынша Жамбыл облысы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Тілеумұрат Шәбден Тоқтасынұлы мен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сейдазимов Сембек Әбетайұлы алдағы уақытта тізе біріктіре жұмыс істеу үшін меморандумға қол қойды.
Көшпелі отырыс ары қарай қоғамдық келісім кеңесі және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелерімен бірге Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» ЖШС қызылша егу шаруа қожалығында жалғасты. Мұнда оларға шаруа қожалығының агроөнеркәсіптік секторда прогрессивтік технологиясын енгізудегі жұмыс сапасы таныстырылып, егін алқабын тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістері көрсетілді. Аталған серіктестіктің басшысы Қанат Шайхиев қонақтарға егін алқабының жай-күйімен таныстырды. Таныстыру барысында Қанат Шайхиев қант қызылшасын жаңбырлатып суару технологиясы арқылы жоғарғы көрсеткішке жеткендігін айта тұра, құрылғының Франциядан алдырылғанын атап көрсетті.
Сондай-ақ облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің тарапынан егін алқабында бұдан өзге де оң шешімін тауып, жоғарғы нәтежиеге қол жеткізген Қанат Кеналыұлына атқарған еңбегіне сай жоғары мемлекеттік наградаға ұсынылуы тиісті екені туралы сөз болды. Бұл ұсыныс тиісті мекеменің күн тәртібіне енгізілетіні де айтылды.