Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары сотталғандармен кездесті
Еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде болып, сотталғандармен кездесті,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Қазірде жаһандық мәселеге айналған дін турасында дәріс оқып, күмәнді сауалдардың ара-жігін ажыратып берді. Жоспардан тыс ұйымдастырылған жиынның өтуіне мекемедегі теолог Рахматулла Оразбеков ұйытқы болып отыр. Білікті маман исламтанушы-профессор, философия ғылымдарының докторы Оқан Саметтің аймаққа келуін тиімді пайдаланып, ауқымы кең тақырып төңірегінде ислам дініне бет бұрған жазасын өтеушілердің білімін жетілдірді.
Іс-шара барасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сотталушылардың бойында радикализмге қарсы имунитетті қалыптастыру, деструктивті діни ағымдардың белгілері сынды өзекті мәселелер айтылды. Сондай-ақ, қамаудағылардың намаз ережесі, діни кітаптардың дұрыс бұрыстығын айыра білу, жат ағымның жетегіне қатысты сұрақтарына жауап қатып, тіптен кей азаматтарға жеке қабылдау өткізді.
Мәртебелі мейманмен қатар, өңірдегі Дін істері басқармасының теологы Ерзат Жақыпов,«Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы, азаншы Жалғас Жұбатқанов та жиынға қатысып, ортақ мәселеге ой қосты. Бірер сағатқа созылған сұхбат баршаның көңілінен шықты деуге толық негіз бар, олай деуімізге абақтыда айыбын өтеушілердің тағы да осындай жиындардың көптеп өтуіне сұраныс білдіруі сеп.