«Тараз – Арена» спорт кешеніне сары құрлықтың мықтылары жиналды. Мұнда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитетінің, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен спорттың киокушинкай кан каратэ түрінен Азия кубогі өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ел намысы сынға түскен байрақты бәсекеге елімізден бөлек, Ресей, Иран, Жапония, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасынан 500-ге жуық спортшы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды.
Байрақты бәсекені облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп ашып, айтулы доданың маңызына тоқталды.
– Құрметті қауым! Ардақты киокушинкай кан каратэ спортының шеберлері!
Киелі Тараз топырағына, Әулиеата жеріне қош келдіңіздер. Осы спорт түрінен әр мемлекеттен келген бапкерлерге, төрешілер мен қатысушыларға жергілікті жұртшылықтың атынан алғысымды білдіремін. Шын жүйріктердің топ жарып, жеңімпаз атануына тілектеспін. Біздің мемлекетіміз тарапынан маңызды спорт түрлеріне зор көңіл бөлініп келеді. Қолдаудың арқасында ауыз толтырып айтарлықтай табыстар бар. Бүгінгі додада бақ сынайтын барлық спортшыларға, жерлестерімізге табыс тілеймін. Азия кубогін ашық деп жариялаймын, – деді Асқар Исабекұлы.
Мұнан соң ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Киокушинкай кан каратэ спорты республикалық федерациясының президенті Омархан Өксікбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитеті төрағасының орынбасары Серік Жақыпбаев сөз сөйлеп, бірнеше мемлекеттің намысын қорғайтын саңлақ спортшыларға табыс тіледі.
Жарыстың ашылу салтанаты К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Ақкербез» бишілер тобының биімен және Құрмаш Қуанышбаевтың әсем әнімен жалғасты.
Мұнан соң жарыс басталып кетті. Бұл аламанда қазақстандық спортшылар зор табыстарға қол жеткізді. Мәселен, 33 алтын медаль жиынтығының 27 данасы отандастарымыздың омырауында жарқырады. Бұған 30 күміс, 29 қола медальді қосыңыз. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының құрамасы 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленгенін айта кетуіміз керек. Өзбекстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс медаль еншілесе, ресейліктер 2 қола медальді қанағат тұтты.
Қазақстан құрамасының ішінде біздің жамбылдықтар да толайым табыстарға қол жеткізді. Ерлер арасында (18 жастан жоғарылар) Сералы Әбілқасым алтыннан алқа тағынса, 14-15 жас аралығында 50 келіде сынға түскен Камила Кемелбекова мен 45 келіде бақ сынаған Тоғжан Аманбай күміс жүлдегер атанды. Ерлер арасында (40 келіден жоғары салмақта) Бейбарыс Асылбек пен 40 келідегі Дінмұхамед Тасыбек қола жүлде иеленді.
Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлері медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Осылайша, қазақстандық каратэшілер Азия кубогі аламанында абыройымызды асырып, мерейімізді тасытты.