Тар қапастан босап шыққан жандар қайта барып күнелтем деп қам жемейді. Жаза басып жаңылғандардың қоғамға қайта бейімделуіне лайықты жағдай елімізде жасалып-ақ қойған. 2017-2019 жылдарға қабылданған бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтуға арналған кешенді стратегия өз өміршеңдігін дәлелдей түсуде. Ілкімді көмек біраз жазасын өтеушіге тигені хақ. Оңалу оңайға соғып, дер кезінде көрсетілген әлеуметтік-психологиялық көмектің нәтижесінде қоғамға қайта сіңісіп кету жеңілдей түсті. Мүмкіндігі мол бастама бүгін Тараздағы ЖД- 158/7 мекемесінде де болып өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бұл жолы тараздық Василий Курмуков жазасын толықтай өтеп, бостандыққа шықты. Кешенді шара аясында «қақпа алдында кездесу» ұйымдастырылса, оған түрлі сала өкілдері шақырылды.Құқықтық кеңестер беріліп, жеңілдіктерді тиімді пайдаланудың жолдары нұсқалды. Пробация қызметі, жұмыспен қамту орталықтарының мамандары алдағы уақытта бұл азаматпен тығыз байланыс орнатып, екі қолға бір күрек тауып береміз деп отыр.Ешбір туған-туысы, үй-жайы жоқ азамат оңалту орталығына орналастырылса, денсаулығын түзеуге де мүмкіндік жасалып отыр.