Мойынқұм ауданы әкімінің Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай құттықтауы

0 1

Құрметті мойынқұмдықтар, қадірлі аудан тұрғындары!
Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде ел тұрғындары қилы заманда Отанымызға қоныс тепкен түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына басып, барын бөлісіп, қуаныш пен қайғыны бірге тартып, тату-тәтті тірлік кешуде. Әрбір ұлт өкілі өз мәдениетін, тілін, дінін, дәстүрін дамытып, құқығын қорғап, еркін өмір сүруде. Бұл мереке әрбір қазақстандық үшін Отанға сүйіспеншілік сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі болып табылады. Бүгінде ауданымызда бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Олар Ата Заңымызда белгіленген құқықтарын пайдаланып, Мойынқұм өңірінің тотыдай түрленуіне үлес қосып, кәсібін жасап, нәсібін теріп жүр. Түрі бөлек болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір жерлестеріміз егемен елдің болашағы нұрлы болатынына күмәнданбайды. Осы бағытта бірге қадам басуды жалғастырған жағдайда келешек ұрпақ алдыңғы толқынға алғысын білдіретіні даусыз. Біздің басты байлығымыз – бірлік. Бірлік – берекенің бастауы.
Ардақты әлеумет!
Осынау нұрлы, шуақты мерекеде баршаларыңыздың отбастарыңызға амандық, зор денсаулық, жақсылық тілеймін. Ардақты ата-мекеніміздің іші даудан, сырты жаудан аман болып, ынтымағымыз ыдырамасын. Барлықтарыңызға бақуатты тірлік, бұзылмас бірлік тілейміз. Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.