Талас ауданында 6 жоба жүзеге асырылып жатыр

0 7

Болашақта таластықтар баламалы қуат көзін пайдалана бастайды. Қазіргі таңда ауданда қуаттылығы 9,0 мВт болатын жел электр станциясының құрылысы жүріп жатыр, — деп жазады «Zhambylnews» АА.

Жобаның жалпы құны 3,7 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстарын «Вин Пауер Сити» және «Вин Электрсити» ЖШС-ні жүргізіп жатыр.  Таласта бұдан өзге «Talas Investment Company» ЖШС-нің қуаттылығын 15,0 мың тоннадан 30,0 мың тоннаға дейін көтеру мақсатында, құны 25 млрд. теңгені құрайтын зауыттың жанынан қосымша цех соғу жобасы жүзеге асырылмақшы. Қазіргі таңда цех орналасатын жердің жер телімінің жеке меншік иесінен алу жолдары қарастыру бойынша зауыт басшылығымен және жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жасалуда.

Айта кету керек, ауданда өткен төрт айдың ішінде өнеркәсіп саласында 8 млрд. 408 млн. 100 мың теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 100%-ға орындалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 2 млрд. 194 млн 600 мың теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 324 млн. 900 мың теңгеге артық орындалыпты.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша құны 182 млн. 100 мың теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылуда. Оның 3-еуі бүгінде оң шешімін тапқан. Жобалардың жалпы құны- 98 млн. 600 мың теңге.

Сондай-ақ, 83 млн. 500 мың тенгенің 3 жобасы екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылып (қарауда) жатыр.  «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы бойынша 40 млн тенгенің 1 жобасы іске асырылды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аталған бағыт бойынша несие алуға ниеттенген тұрғындардың тізімі жасақталып, барлығы 196 млн. теңгенің 35 жобасы іріктелді. Бүгінде құжаттарды тиісті қаржы институттары қарап жатыр.

Сол сияқты, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на ауданнан 90 млн. 900 мың теңгеге 20 өтінім қабылданған. Оның ішінде: 62 млн. 900 мың теңгенің 15 жобасы оң шешім алды, 25 млн. теңгенің 4 жобасы қаралу үстінде.

Қаратау қаласы бойынша 26 млн. теңгенің 3 жобасы іске асыруда. Олардың қатарында автокөлік жуу, тігін цехын ашу бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.