Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев бірқатар басқарма басшыларымен және Тараз бен аудан әкімдері орынбасарларымен кеңес өткізіп, «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту мен гранттар беру, «Үлгілі ауыл» байқауын ұйымдастыру мәселелерін, «Жанұялық сот» пилоттық жобасы шеңберінде «Бастау» топтарының жұмысын талқылады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Ержан Жұматұлының Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Жиында облыс әкімінің орынбасары «Үлгілі ауыл» байқауына тоқталды. Бұл шарада ауылдардағы идеологиялық және әлеуметтік-экономикалық аспектілерге баса назар аударылатынын жеткізді.
-Байқау барысында ақсақалдар алқасы, билер кеңесі жұмысының белсенділігі, рухани құндылықтарды насихаттауға қосқан үлесі, қайырымдылық шаралары, балалардың бос уақытын тиімді өткізуі, қылмыс деңгейі мен ішімдіктерден бас тартуы назарға алынады. Ауылдың тазалығы, жасыл желегі, инфрақұрылымы, көріктендіру, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы сияқты көрсеткіштерге де мән беріледі», — деді Ол.
Бүгінде аймақтан байқауға қатысатын ауылдар анықталды. Жобаның іск е асуы облыс әкімінің тікелей бақылауында тұр. Республикалық байқаудың аясында мәдени-танымдық, тәрбиелік мазмұндағы 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылады.
Бес ауылда 12 жаңа нысан ашылып, тоғыз ауылдың көшесіне асфальт төселеді.
«9 елді мекеннің негізгі көшелеріне жарық, 5 ауылға газ тартылады, 2 ауылға таза ауыз су жүргізіліп, жеті саябақ абаттандырылады. Бұл шаруаларды қазан айының 15-не дейін аяқтаймыз. Өйткені, анықталған үлгілі ауылдар ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өтетін салтанатты іс-шарада марапатталады», — деді Ержан Жұматұлы.
Жиында Ержан Жұматұлы тағы бір өзекті мәселені көтерді. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша ең көп ажырасқандардың саны Байзақ, Жуалы, Қордай, Шу аудандарында.
— Әйелдерге, кәмелетке толмағандарға қатысты көптеген заң бұзушылықтар да бар. Ажырасудың алдында тұрған отбасыларды райынан қайтаруда медиация жұмысын жандандыру қажет. Жұмыссыз болса, жұмыспен қамту орталығы арқылы көмек берілуі тиіс. Отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмыстарын күшейту керек. Осы бағытта БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізу қажет, — деп жазды Ержан Жылқыбаев.