Жамбыл облысының Бас имамы жұмыс сапарымен Талас ауданына келді

0 4
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілі Бейбіт Мырзагелдиев жұмыс сапарымен Талас ауданына келді , —  деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Қызметке жаңа кіріскен облыстың бас имамының аймаққа жасаған алғашқы сапары Орталық мешітте ауылдық округі имамдарымен кездесуден басталды. Басқосу барысында Бейбіт Әліпбекұлы коронавирус індетінің жаппай таралуы елдегі мешіттердің жұмыс жасауына кедергі болып отырғандығын жеткізді.
-Өздеріңізге мәлім, пандемияға байланысты Рамазан айында діни рәсімдерді тоқтатуға мәжбүр болдық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Үндеу жарияласа, Ғұламалар кеңесі ортақ пәтуәға келді. Орын алған жағдайға түсіністік танытқан жамағатқа ризашылығымызды білдіреміз,-деген облыстың бас имамы сын сәтте әріптестерін ауызбіршілік танытып, ауырпалықты бірге көтеруге шақырды.
Сондай-ақ, Б.Мырзагелдиев ауылдық округі имамдарымен жеке-жеке пікірлесіп, өтініш- тілектерін тыңдады. Кездесуде дін қызметкерлері тарапынан көтерілген кейбір мәселелерге қатысты ой бөлісіп, түйіткілдерді назарда ұстайтындығын айтты.
Мұнан соң облыстың бас имамы қаладағы бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің құрылысымен танысты. Тиісті жұмыстары толықтай аяқталса, бұл қаладағы үшінші имандылық үйі болмақ. 350 адамға арналған мешіттің қазіргі таңда қабырғасы қаланып, күмбезін орнату жұмыстары жүргізілуде. Сәтін салса, алдағы көктемде ел игілігіне беру жоспарда бар.
Ерекше үлгідегі мешітті аралап, жұмысшыларды сөзге тартқан Бейбіт Әліпбекұлы игі іске тілеулестік танытты.
Leave A Reply

Your email address will not be published.