Дәрігер реабилитация кезінде қымыз, шұбат ішуге кеңес берді

0 8

Дәрігер реабилитация кезінде қымыз, шұбат ішуге кеңес берді. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласының бас штаттан тыс пульмонологі Сәуле Қасенова бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Коронавирустық инфекциямен өкпенің зақымдануын амбулаториялық емдеу» тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында айтты, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі Baq.kz -ке сәлтеме жасап.

«Коронавирустық пневмонияға шалдығып, ауруханаға жатып шыққан науқастар үйдегі күтімді қалай жалғастыруы керек» деген сауалға жауап берген дәрігер тек дәрінің күшіне ғана иек артуға болмайтынын ескертті.

— Коронавирус салдарынан өкпе қабынған кездегі негізгі мәселе – тыныс алу органдарының реабилитациясы. Сол себепті, біз өз пациенттерімізге дем алу гимнастикасымен айналысуды ұсынамыз. Ол өкпе толық дем алуы үшін жасалатын терең демалу техникасы болуы мүмкін. Бұл жаттығуды үйде жиі жасау керек, мүмкіндігінше 15-20 минуттан күніне 3 рет. Өкпе демалуы қажет, — деді ол.

Дәрігер тыныс алу гимнастикасынан бөлек, халықтық емнің де көмегі барын жеткізді.

— Коронавирус ағза үшін иммундық стресс. Реабилитациялық мерзім бір айдан үш айға дейін де созылуы мүмкін. Біздің ұлттық сусындарымыз қымыз, шұбаттың емдік қасиеті бар екенін білеміз. Егер науқастың асқазан немесе панкреатит сияқты қосымша аурулары болмаса, онда оған бұл сусындарды ішуге болады. Бұл да ағзаның қалпына келуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ, белгілі бір мөлшерде серуендеуді де ұмытпаған жөн, — деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.