InfoKazakhstan электронды платформасы іске қосылды

0 1

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 14 тамыздан бастап бизнестің локдауннан шығуына арналған InfoKazakhstan электронды платформасын іске қосты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Карантин  қызмет көрсету және сауда саласындағы 830 мыңнан астам кәсіпкердің қызметіне теріс әсер етті, бұл салаларда 1,3 млн адам жұмыс істейді. Жедел штабтың 40 мың кәсіпкерге жүргізген сауалнама нәтижесі қатысушылардың 35%-ы жұмыскерлерін қысқартқан немесе ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болғанын көрсетті. Қоғамдық  тамақтану, көлік, тұрмыстық және басқа қызметтер, бөлшек сауда – анағұрлым зардап шеккен салалар.

— «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік қызметті жаңарту жөніндегі алгоритмдерді іске асыру шеңберінде InfoKazakhstan электронды платформасын іске қосты. Аталған платформа – барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып,бизнеске карантин режимінен кезең-кезеңмен шығуға көмектесетін цифрлық шешім. Осылайша эпидемиологиялық қатерлерді азайтуға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жаңарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған құрал болмақ, — деді «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы Атамекен кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиев.

Платформаның қарапайым интерфейсі қысқа мерзімде 4 қадам арқылы санитарлық нормаларға сәйкестік актісін алуға мүмкіндік береді:

1-қадам. InfoKazakhstan сайтына кіріп, ұйымыңызды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеп, кәсібіңізге қойылған талаптармен танысыңыз. Бизнестің жекелеген түрлері жұмысын тексерусіз, хабарлама тәртібінде қайта бастай алады.

2-қадам. Нысанды талаптарға сай дайындап, жұмыс істеуге дайындығыңызды электронды өтінім беру арқылы растаңыз.

3-қадам. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жүргізуін күтесіз.

4-қадам. Тексеру жүргізілген соң нәтиже оң болса, онда жеке кабинетте жұмысты қайта бастауға санитарлық нормаларға сәйкестік актісін жүктеп алу қажет. Егер нәтиже теріс болса, онда олқылықтарды реттеп, өтінімді қайта жіберіңіз.

— InfoKazakhstan электронды платформасы кәсіпкерлердің ыңғайына қарай және бизнестің локдауннан шығуының ашықтығын қамтамасыз ету, адами фактордарды алып тастау мақсатында іске қосылып отыр. Платформа арқылы әр кәсіпкер қызметті жаңартуға өтініш бере алады. Сайттың интерфейсі қарапайым әрі түсінікті, түсіндіру жұмысына баса назар аударылған. Оқыту роликтері, жаднамалар әзірленді, «Атамекен» ҰКП байланыс орталығы өңірлік палаталар базасында техникалық қолдау қызметі іске қосылды, — дейді Самат Шыналыұлы.

Кәсіпкерлер бизнестің жұмыс істеуге дайындығы туралы өтінішті жүктеп, санитарлық нормалар мен талаптарды сақтайтындарына кепілдік береді. Талаптар орындалмайтын болса айыппұлдық санкциялар қолданылады. Сайтта қоғамдық бақылау функциясы жұмыс істейді. Кез келген азамат кәсіпорын тарапынан санитарлық нормалардың бұзылғаны жайында шағым түсіре алады. Ал жеке кабинет арқылы кәсіпкер өтініштің қаралу деңгейін бақылап, электроны өтініш, азаматтардан келіп түскен ұсынымдар мен шағымдарды қарай алады.

Сондай-ақ, бұл платформада әкімдіктер, санитарлық дәрігерлер, полиция, өңірлік палаталар және тұтынушылар лигасы өкілдерінен құралған тұрақты мониторингтік топ жұмыс істейтін болады. Ресурс қызметін бір мезгілде 150 000 тұтынушы пайдалана алады.

Барлық сұрақтарды бірыңғай байланыс-орталығына 1432 (қоңырау шалу тегін) қоңырау шалып, қоюға болады немесе Жамбыл облысы бойынша 55-59-00 номеріне хабарлассаңыздар болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.