2026 жылдың наурыз айында «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығы мен «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы Әйелдер қанатымен бірлескен «Әйелмен әлем әдемі» атты ерекше сұлулық фестиваль-байқауы өтті.
Бұл сұлулық фестивалінің мақсаты – орталық жанынан ашылған кәсіптік курстарды аяқтап, сертификат алып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болған қыз-келіншектер арасынан үздіктерді анықтау, олардың кәсіби шеберлігін көпшілікке таныстыру, тәжірибе алмасу, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеудегі әйел-аналарға қолдау көрсету болды.
Байқаудың ашылу салтанатында «Аманат» партиясы Жамбыл облыстық филиалы басшысының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестиваль «Ерке сылқым» би тобының «Ұйғыр» биімен ашылды. Сонымен қатар, кеште Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Бахыт Шағырбаев ән шырқады. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенті Алия Жанабаева «Аққу» күйін орындаса, кештің рухын арттырды. «Асыл Арман» өнер орталығының өнерпаздары Нұрсері мен Айзере әсем әндерін тарту етсе, Гүлжан Сұлтанқызы «Ана» әнімен көрермендердің жүрегін жаулады.
Қатысушылар практикалық жұмыстарын орындап, нәтижелерін қазылар алқасына ұсынды. Қорытынды кезеңде модель-аналар сахнаға шығып, қызыл кілеммен жүріп өтті. Ал қатысушылардың еңбегі көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шара соңында орталық директоры Эльмира Мырза-Ғали фестивальдің маңыздылығын атап өтіп, барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
Бет әрлеу шеберлігі бойынша сынға түскен үміткерлердің арасынан талантымен көзге түсіп, үшінші орыннан көрінген – Дариға Пернебаева болды. Ал әділқазыларды кәсіби шеберлігімен тәнті еткен Шырайлым Тажикулова лайықты түрде екінші орынды иеленді. Жарыстың биік шыңына көтеріліп, жеңіс тұғырынан Ақмарал Қалымбетова көрінді.
Тырнақ әрлеу бағыты бойынша әр қатысушы нәзік өнердің қыр-сырын паш етті. Өз жұмысында нақтылық пен ұқыптылықты көрсете білген Жансая Әділханқызы үшінші орын иеленді. Екінші орынға өз жұмысымен ерекшеленген Зухра Байтуяова лайық деп танылды. Ал бірінші орынға шыққан – Алсу Бердігалиева туындысы кәсіби шеберлік пен шығармашылық еркіндіктің үйлесімін айқын көрсетті.
Жеңімпаздарға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар, ал модель ретінде қатысқан барлық аналарға ерекше сыйлық – қолөнер бұйымы «Фермуар» сөмкелері табыс етілді. Сондай-ақ, барлық қатысушылардың еңбегі бағаланып, гүл шоқтары және алғыс хаттармен марапатталды.