Қордайлық зейнеткер құс шаруашылығымен айналысуда

0 0

Құс өсіру казіргі таңда ең тиімді кәсіп болып саналады. Нәсіптің көзін тапқан кейбір жандар бұл шаруашылыққа ерекше ден қоюда. Азаматтардың басым бөлігі енді ғана іс бастап, шаруашылығын ашқандар. Солардың бірі – Қордай ауданы Қарасай батыр ауылының тұрғыны Серік Ысмағұлов. Ол шағын ғана ауласында күркетауық бағып, оны көбейтіп жүр,-деп Хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Серік Ысмағұлов зейнеткер. Ақсақал үйді құр отыруды құп көрмей, балалары мен немерелеріның ырзығы үшін бір жұмысты бастауды бірнеше жылдан бері мақсат етіп жүрді. Ал, былтыр ғана бастаған жаңа кәсіп жайында телеарнадағы шағын бағдарламадан естіді. Сөйтіп, өз ықыласын құс шаруашылығын дамытуға бұрып, 100 күркетауық сатып алды, еңбектенді. Бүгінде олар көбейіп, әрқайсысы 13-17 балапан  жұмыртқадан басып шығарған.

— Күркетауықтың балапаны алғашқы айларда аса күтімді қажет етеді. Баптап, дәрумендер мен құрама жемді уақытында берсе тез жетіледі. Бір жылдық күркетауық 10-15 келіге дейін ет береді,-дейді зейнеткер.

Үй құсының еті адам денсаулығына пайдалы. Оның құрамында адам ағзасына қажетті көптеген дәрумендер бар. Ал, жұмыртқасы науқастарға нағыз таптырмас диеталық тағам болып табылады. Сондықтан шаруа иесі үндіктің жұмыртқасына сұраныс алыс емес ауылдан ақ бір пәсте табылатынын жеткізді. Ерекше кәсіпті меңгеріп қалған шаруа иесінің есебінше, жазда көгалда жүріп қоректенетін құстар күзде көп ет алады. Сондықтан оны сою, етін сату жұмыстары желтоқсан айына жоспарлануда. Болашақта жамбылдық құс өнімі ауданда және Алматы облысының сауда нүктелеріне жеткізілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.