Таразда пандемия салдарынан қоғамдық көліктердің қызмет көрсетуі 46% кеміген

0 11

Таразда пандемия салдарынан қоғамдық көліктердің қызметі 46% кеміген. Яғни, қалада күнделікті 230 бірлік автобус тек 29 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Ал, бұған дейінгі тұрақты кезеңде 42 бағыт бойынша күнделікті 425 бірлік автобус адам тасымалымен айналысатын. Бұл туралы бүгін ӨКҚ ақпарат алаңында Жамбыл облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Сала басшысының сөзінше, карантин кесірінен қаладағы 10 тасымалдаушы мекеме қаржылай қиындық көріп отыр. Сондықтан бүгінде жергілікті бюджеттен тасымалдаушыларға субсидия беру қарастырылып жатқанын айтты. Дерт дендегелі оқу орындары мен балабақша қызметкерлері, студенттер мен оқушылар қашықтықтан оқытуға көшкені белгілі. Соның салдарынан қалада жолаушылар ағымы 2-есеге дейін төмендеген. Ал автобус саны азайғандықтан кешкі рейстерді орындамау деректері орын алып жатыр екен.

Сондай-ақ, басқарма басшысы биыл 28 қыркүйектен бастап енгізілген электронды билеттің қаншалықты сұранысқа ие екенін атап өтті.

— Көлік карталарын сататын қаладағы 15 сату пунктінде алғашқы кездегідей ұзын-сонар кезек жоқ. Қалада 106 563 бірыңғай, 22 149 оқушы карталары сатылды. Ал қазір сатылымда 26 837 бірыңғай, 24 851 оқушы картасы бар. Бүгінде 14 600 бірыңғай картасына тапсырыс бердік, — деді Бақытжан Жәнібеков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.