Ұланбелдегі 55 жыл жөндеу көрмеген мектеп қайта жаңғыртылады

0 2

Мойынқұм өңіріне жасаған жұмыс сапарында облыс əкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар əлеуметтік, білім, спорт пен құрылыс нысандарды аралап, олардың жұмысы барысымен танысты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аймақ басшысы Ұланбел ауылындағы М.Əуезов атындағы орта мектепте болды. Екі қабаттан тұратын мектеп ғимараты 1966 жылы пайдалануға беріліп, содан кейінгі 55 жылда бірде-бір рет күрделі жөндеуден өткізілмепті. Мектеп табалдырығын аттаған сəтте ақ бұрынғы кеңес дəуіріндегі білім ордасына тап болғандай боласың. Оқу жүйесі өзгергенмен, мектеп өзгермей қалып қойған. Оны есіктің ағашына елу жыл жағылған сырынан да, қабырғасынан да аңғару қиын емес.

Мектеп директоры Гүлнұр Əбілованың айтуынша, 400 орындыққа арналған білім орнында 172 оқушы білім алуда. Оларға 36 мұғалім дəріс береді.

«Мектептің техникалық базасын қалай шешеміз?» деп сұрады Бердібек Машбекұлы аудан əкімінен. Аудан əкімі Əлихан Балқыбеков жүгіріп жатырмыз деді.

21 ғасырда ауылда мынадай мектептің бары ұят-ақ.  Сендер оның күрделі жөндеуіне қаржы сұрайсыңдар да артынан жүгірмейсіңдер. Негізі бұл іспен аудан əкімі айналысуы тиіс.  Қаржы табатын да, оның көзін іздейтін де əкім. Менің үнемі айтатыным, бір істі бастағанда артынан өзің жүгірмесең жұмыс жарты жолда қалып қояды. Оны бүгін тағы көріп отырмыз. Əйтпесе бұл мектепті биыл-ақ күрделі жөндеуден өткізіп қояр едік,деді облыс əкімі.

Мектеп ауласында ауыл қарияларымен кездесіп, олардың ұсыныс пікірін тыңдаған аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы алдағы жылы мектептің күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлетінін жəне интернет мəселесін де шешіп беретінін айтып қуантып қойды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.