Таразда жылыту маусымы аяқталады

0 2

Тараз қаласының әкімдігінде жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылданды. Бұл мәселе қала әкімі Бақытжан Орынбековтың төрағалығымен өткен арнайы штаб отырысында қаралды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, биыл жылу беру маусымы білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде 2025 жылдың 6 қазанында басталса, тұрғын үйлер мен өзге де нысандарға 9 қазаннан бастап жылу берілген. Жалпы, жылыту кезеңі 178 тәулікке созылды.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жылу өндіру және оны тасымалдаумен айналысатын барлық кәсіпорындар маусым барысында штаттық режимде тұрақты жұмыс істеген. Жылумен қамту бекітілген температуралық кестеге сай жүргізіліп, апаттық қызметтер тәулік бойы кезекшілік атқарған. Тұрғындардан түскен өтініштер бойынша жедел тексеру және қалпына келтіру жұмыстары уақытылы орындалған.

Сәуір айына арналған ауа райы болжамдарын ескере отырып, атап айтқанда «Қазгидромет» РМК мен yandex.kz сервистерінің деректеріне сүйеніп, жылыту маусымын 3 сәуірден 4 сәуірге қараған түнгі сағат 00:00-де аяқтау туралы шешім қабылданды.

Штаб отырысының қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге жылыту кезеңін қауіпсіз аяқтау, сондай-ақ жылу беруді кезең-кезеңімен тоқтату барысында тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету және техникалық ақаулардың алдын алу жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.