Адалдық сағатында: Театр өнерінің шоқ жұлдызы Нұрмұхан Жантөрин

0 0

Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мен облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театры кезекті «Адалдық сағатын» театр мен кино өнерінің жарық жұлдызы, дара тұлға Нұрмұхан Жантөриннің еңбек жолы мен саналы ғұмырына арнайды.

«Адалдық сағатында» актер Нұрмұхан Жантөриннің өнердегі шығармашылығына шолу жасалып, оның ізденімпаздығы, кәсіби шеберлігі жастарға үлгі ретінде айтылды.

Жантөрин жайында белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Ол талдап, таразылап, талғаммен ойнайтын. Жантөриннің жүріс-тұрысы, сөз саптауы, даусы, тіпті сахнадағы паузасының өзі оның жоғары сауаттылығын аңғартып тұратын еді. Ол тек қана сахна емес, ұлттық кино өнерінің гүлденуіне ерекше үлес қосқан тұлға», — деп, оның еңбекқорлығы мен кәсібилігін бағалаған.

Жантөриннің дархан дарыны, өзіне ғана тән орындаушылық ерекшелігі, көркем-эстетикалық талғамы дараланған түпсіз қиялдың, шынайы шабыттың, терең ойдың картинасы бола білді. Ол өзінің ізденімпаздығының арқасында кейіпкерлерін шебер суреттеді. Нұрмұхан Жантөрин ұрпаққа үлгі болған Фархат, Шоқан, Кебек, Абыз, Сырым, Қасым сынды нағыз айшықты тұлғалардың рөлін сомдады. Оның шығармалық һәм өмірлік ғұмыры адамгершілік пен адалдық сипатымен өзгеше. Ол еңбекқорлығы мен кәсібилігінің арқасында өнерде толыққанды сахналық бейнелерді ашып сомдаса, өмірде адамгершілігі мен мәдениеттілігінің арқасында дара тұлға бола білді.

Нұрмұхан Жантөрин сахналық рөлдері арқылы қоғамда адалдық, парасаттылық, адамгершілік, еркіндік, достық пен батырлықты, ұлтжандылықты дәріптеді. Күрделі образдарды сәтті алып шыққан оның өнері қазақ актер шеберлігі мәдениетінің көркемдік биігіне өлшем болғаны хақ.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, өнерлі жастардың қолында. Сондықтан өнер жолында алынбас қамалды, биік белесті бағындырған Нұрмұхан Жантөриннің еңбегі мен шығармашылық жолы жастарға үлгі болады деген сенімдеміз.

Бейне-дәріске сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=2dq51YPzCqY

Leave A Reply

Your email address will not be published.