Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ағымдағы жылдың 24 желтоқсан күні Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ-нің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік менің өмірімде» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Шараға егемендікке дейінгі кезеңді көрген облыстағы бірқатар зиялы қауым өкілдері мен 1991 жылы дүниеге келген Тәуелсіздік құрдастары қатысты.
Азаттықтың 30 жыл ішінде жеткен жетістіктерімізді зерделеп, одан тағылым алу, жастарды отансүйгіштікке, халықтың өткен тарихын құрметтей білуге, тәуелсіздік, бостандық, еркіндік ұғымдарының тарихи маңызын түсіне білуге тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын жалғау мақсатындағы жиынға қатысушылар айрықша белсенділік танытты.
Басқосуда облыстық «AQ JOL» газетінің бас редакторы Дәуіт Оралхан сөз сөйлеп, тақырыптың маңыздылығын атап өтті. «Еліміздің еңсе тіктеуге жол салған бастапқы уақытында біршама тоқыраулар, қиындықтар болғанын осы мемлекетте өмір сүрген әрқайсымыз басымыздан өткердік. Әйтсе де, біздің замандастарымыз, аға толқын, кейінгі буын жарқын болашаққа сеніп, Елбасы бастаған іргелі істерге бірлесе күш салды. Нәтижесінде, өскен, өркендеген, халықаралық аренада өзіндік орны бар мемлекетке айналдық», — деді ол.
Шара барысында Елен Әлімжан, Бекет Момынқұл, Сағындық Ордабеков бастаған зиялы қауым өкілдері қазақ елінің Тәуелсіздік алғанға дейінгі басынан кешкен кезеңдеріне тоқталып, келер буынға тағылым болар естеліктер айтты. Сонымен қатар еліміз Тәуелсіздік алған жылы дүние есігін ашқан, келешегінен зор үміт күттірген, еліміздің тірегі, тілегі бола білген, бүгінде жастығына қарамастан түрлі салада жетістікке жетіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген тәуелсіздіктің құрдастары 30 жылда жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Жиын соңында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Құралай Өскембекова жиынға қатысушыларды қастерлі мерекемен құттықтап, басқарма тарапынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай атқарылған жұмыстармен бөлісті.
Сонымен қатар басқармаға қарасты «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесімен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, 30 жыл ішінде әр салада қызмет атқарған қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, қарапайым мамандық иелерінің бастан өткізген қиындықтары мен сәттері жайлы «Куәгер» атты 10 қысқаметражды хабар, Егемендіктің әр жылында атаулы оқиғаларды қайта еске түсіріп, аймақтың дамуын, өзгерістер мен алға жылжуын, әлеуметтік-экономикалық қиындықтарын жұртшылыққа жеткізуге бағытталған «91+» айдарымен бейнероликтер топтамасы, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты Жамбыл облыстық мәдени-әдеби, танымдық журналы, «Өзгерген өңір» атты фотоальбом әзірленгендігін атап өтті.