«ПАРА БЕРУ-БІЛІМСІЗДІКТІҢ БЕЛГІСІ»

0 3

«Antikor» орталығында Ақтау қалалық мәслихатының депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Уайс Ерсайынұлының қатысуымен тікелей эфир өтті.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған эфирде Уайс Ерсайынұлы қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтардың жеке парақшалары арқылы өз ойларын жеткізе алуы, әлеуметтік желілердің болуы бізге берілген негізгі атрибут екенін айтты.

«Кезінде сыбайлас жемқорлық пен әділетсіздікке қарсы тосқауылды ақ бет қағазға қолмен арыз жазу арқылы жеткізетін едік. Ал қазір заманға сай әлеуметтік желі мен тікелей эфирлер арқылы сыбайлас жемқорлықтың белгілерін бірден шығаруға үлкен мүмкіндік бар. Бұрын ауданда, облыста аптасына бір газеттен шығып отыратын, онда да ақпаратты шығаруға рұқсат болғанда ғана материал газет бетіне басылады, ал рұқсат болмаса ақпарат елге жетпей қалатын. Ал қазір кез келген адам әлеуметтік желі арқылы  сыбайлас жемқорлыққа барған азаматтарды бірден ел алдында әшкерелейтін мүмкіндігі бар, тек қолында телефоны болса болғаны,» деді Уайс Ерсайынұлы.

Сондай-ақ, эфир барысында Уайс Ерсайынұлы сыбайлас жемқорлықпен күресудің маңыздылығын айта отырып, оның себебін анықтау керек деп пікірін жеткізді.

«Сыбайлас жемқорлық қоғамда бар жағдай. Ол тек біздің елде ғана емес.  Кейбір желі қолданушылары тек бізде ғана жемқорлық тарағандай етіп көрсетеді. Дегенмен, ол әлемге тараған дерт екенін ұмытпау керек. Бәріміз жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен қоғам болып күресу керекпіз,» деді спикер.

Эфир қонағы көрермендердің сұрақтарына жауап бере отырып, қазіргі таңда жабайы идеология басым екенін айтты.

«Халық көздеген дәрежеге қол жеткізіп байып кетудің амалын жасап жүр, әйтеуір. Үлкендердің жасаған әрекетін көріп отырған жас ұрпақ бүкіл өмірдің мәні мен адамдықтың шыңын ақша мен құр дүниеге теңеп өсіп жатқаны өкінішті. Бізге шамшырақ болып жанып тұрған тұлғаларымыз жол көрсетеді. Абай, Әл-Фараби, Әбіштер ағартушылықпен айналысты. Халықтың көзін ашып, көңілін оятуға әсер етті. Руханият майданында біз надандыққа қарсы күресіп отырмыз. Жемқорлық осы надандықтан басталды. Надандықпен күресуде Абай «көптің ығына жығылмай, ебін тауып, жөнге сал» деп кетті. Ахмет маса болып елін оятуға тырысты, Сұлтанмахмұт қараңғы қазақтың көгіне күн болып шығып, надандықпен күрескісі келді. Біздің мақсатымыз – осы ұлы тұлғалардың жолын жалғап, көпшілікті жақсылыққа бағыттау,» деді депутат.

Эфир соңында Уайс Ерсайынұлы көрермендерге сыбайлас жемқорлықты тек қоғаммен бірлесіп жеңуге болатынын айтып, жас ұрпақты адал, парасатты болуға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.