Жамбыл облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті былтыр жеке және заңды тұлғалардың 788 өтінішін қарады. Олардың дені бөлшек саудаға тиесілі. Содан соң тұрмыстық қызмет көрсету саласына қатысты шағымдар көп. Жоғарыдағы көрсеткішті 2020 жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,6 есеге артқаны байқалады. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында департамент басшысы Байқадам Дүйсенбаев айтты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Оның мәліметінше, тұтынушылардың өтініштерінің 531-і қанағаттандырылған. Нәтижесінде, шағым иелеріне 18 788 877 теңге қайтарылыпты және 70 тұтынушы сапасыз тауарларын айырбастаған. 228 тұтынушыға түсініктемелер берілді.
«Азаматтардың өтініштерінің негізінде департамент 11 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Олардың қатарында «Таразэнергоорталық» ЖШС, «Зийлан Kz» ЖШС ФЛО дүкені, дәрігер Кученев емдеу орталығы, «Gulser computers» ЖШС Alser дүкені, «Қазақтелеком» АҚ, «Әулие-Ата» аэропорты, «Жамбыл-Жарық-Сауда-2030» ЖШС, «Arena S» ЖШС Sulpak дүкені, «Tema Retail Kz» LC Waikiki дүкені және «Гласмэн» ЖШС бар. Оларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді және «ескерту», «айыппұл» түрінде әкімшілік жазалар қолданылды, ал «Жамбыл-Жарық-Сауда-2030» ЖШС бойынша тараптардың келісім табуына байланысты тексеріс тоқтатылды», — деді Байқадам Еркінбекұлы.
Ол негізгі бұзушылықтар кәсіпкерлердің тұтынушылардың жазбаша наразылығына жауап бермеуі және тауарды айырбастаудан және қайтарудан бас тартуы екенін де атап өтті.