Жамбылдық полицейлер ғасыр ғұмырлы ақынға арналған іс-шара өткізді

0 26

Жуырда Жамбыл облысының Полиция департаменті бөліністерінің қызметкерлері арасында қазақ поэзиясының алыбы, жырау Жамбыл Жабаевтың әлеуметтік, отты жырларын оқуға қатысты «Қазақ даласының жаршысы» тақырыбында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды , деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Жамбылдың шығармалары үлгісіндегі белсенді өмірлік ұстанымды, патриоттық сезімді, туған жерді мақтан тұтуды мақсат тұтқан іс-шара барысында жыр алыбының батырлық, адалдық пен елжандылықты ту еткен өлеңдерін мәнерлеп оқыған Мойынқұм ауданы полиция бөлімінің инспекторы полиция капитаны Талғат Әбдрашов, Жамбыл облысының Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасының инспекторы полиция капитаны Жанбала Юсупова, Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Айзат Болатқызы, сондай-ақ басқа да қызметкерлер ғасыр жасаған ақынның ғажап жырларының рухын лайықты жеткізе білді.

«Неге бұл өлеңді таңдадыңыз?» деген сұраққа полиция капитаны Талғат Әбдрашов: «Үш-ақ нәрсе- адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»,- деп Жыр тәңірі Абай ақын айтқандай, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған халық поэзиясының алыбы Жамбылдың ерлікке толы поэзиясы- біздер үшін мән-мағынасын ешқашан жоймайтын, тәрбиелік мәні бар, ғибратты шығармалар. Мен Қазақстанның Жамбыл есімі берілген облысында қызмет атқарамын. Ғасыр жасап, оның 85 жылын ақындықпен өткізген ақын дүниеге келген Жамбыл облысындағы Байғара, Жамбыл тауларының баурайында орналасқан Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылындағы Жамбыл ақын атындағы мектеп алдында орнатылған ақын ескерткішінің жанында тұрып, ақынның «Артықша туған азамат» өлеңін оқыдым. Жалпы, Жамбыл туған өлкеден талай батырлар мен ақындар шыққаны белгілі. Бұл өлеңінде де Жамбыл ақын біздерге батырлықтың болмысын, ел қорғаған ерлердің кісілік келбетін ашып, отаншылдық рух пен патриоттық нұсқама береді»,-деп жауап берді.

Сонымен қатар Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған «Халық- менің шын атым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл ақынның кейбір қырлары, соның ішінде сатиралық жырлары мен нақыл-өсиеттері, күйшілік өнері туралы, басқа да мәліметтер бөлініс қызметкерлерінің назарына ұсынылды.

Өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды тұтастырған ақынның шығармашылығы жиырма бірінші ғасырда да өз өзектілігін, маңызын жойған жоқ. Біз ақын талантын, даналығын ұлағат тұтып, өлмес рухының алдында бас иеміз.

Алдағы уақытта да ақын шығармашылығына деген шынайы қызығушылықты айғақтайтын ақын мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қала беретініне сенеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.