Нұржан Нұржігітов этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті

0 11

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесті. Кездесуде облысымызды мекендеген этнос өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде өңірімізде 87 этнос өкілдері 25 елді мекенде тығыз шоғырланған. Ол елді мекендердің әлеуметтік картасы әзірленген. Облысымыздағы 75 этномәдени  бірлестіктердің ұйымдастыруымен жыл басынан бері қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 828 іс-шара өткізілген.

— «Бірлік бар жерде – тірлік болады» деген халық даналығы тегін айтылмаған. Расында, тек қоғамдық келісімі, тұрақтылығы сақталған ел ғана дамып, өркендей алады. Жамбыл облысын мекендеген көптеген ұлт өкілдері бүгінде өзара түсіністікте,тату-тәтті тіршілік кешуде. Оған мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірімізде «Бейбітшілік және келесім» жобасы сәтті жүзеге асып, бірқатар өзекті мәселелер шешімін табуда.

Өңірлік деңгейде қазақы дәстүрге негізделген «Асарлатып үй салу» жобасы аясында көптеген мұқтаж отбасылар үйлі болуда. Ол ауылдықтардың бірлігін арттырып, ұрпаққа үлгі-өнегені іспен көрсетуге негізделген. Дәл осындай бірлікке үндейтін әр ұлттың игі дәстүрлерін жаңғыртуға жол ашық,-деді облыс әкімі.

Айта кету керек, жалпы облыстағы барлық этномәдени ұйымдар кез-келген қоғамдық шараларға, игі істерге қатысуда белсенділік танытып келеді. Ағымдағы жылдың 5 айының өзінде олармен 78 млн. 300 мың теңгеге 10260 адамға қайырымдылық шаралары жасалғаны соның көрсеткіші.

Өз кезегінде қатысушылар да ойларын ортаға салып, мәселелерін көтерді. Ең алдымен республикалық «Барбанг» күрділер қауымдастығының вице-президенті, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Латиф Айдаров сөз алып, бірқатар сұрақтарды алға тартты. Олардың қатарында этномәдени орталықтарға арнайы граттар бөлу, сыйақы тағайындау, әлеуметтік желілер мен ақпарат тарату мәселелері бар.

Облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселелерді зерделеп, заң аясында шешу тетіктерін қарастыруды тапсырды.

Жуалы аудандық «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Есмира Мамедова қазақ тілінде өз өмірі жайлы қысқаша мағлұмат беріп, әзірбайжан ұлтына қазақ халқы тарапынан жасалған жанашырлыққа ризашылығын жеткізді. Аудандық перзентханада ұзақ жылдар бойы талмай еңбек еткен ол қоғамдық жұмыстардан да шет қалмаған. Дегенмен, аудандық бірлестік жетекшісі ретінде мемлекеттік тапсырыс алуға көп жылдардан бері қол жеткізе алмай келе жатқанын айтты.

Бірлестіктер үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан барлық конкурстар ашық және жариялы түрде өтуі керектігін айтқан Нұржан Нұржігітов бұл мәселеде жіті тексеру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Сондай-ақ, «Радонеж» орыс қауымдастығы этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин, облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Айваз Османов бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Ал жиынның сұрақ-жауап бөлімінде өзбек этномәдени ұйымының жетекшісі Бахром Муминов Тараз қаласындағы «Ташкентская» көшесінің атын ауыстыру туралы жел сөздің тарап жатқанын, екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас пен қазақтың талай би-шешенінің Өзбекстанда жатқанын ескере отырып, мұндай шешімге жол бермеуге ықпал етуді өтінді. Ол сондай-ақ, еліміздің көпұлтты мемлекет екенін ескере отырып, ономастикалық комиссия құрамында Ассамблея мүшесінің де болуын ұсынды. Облыс әкімі көше атын ешкім ауыстырмайтынын, бұл жай ғана дақпырт екенін баса айтты. Ал ономастикалық комиссия құрамына ассамблея мүшесінің ену мәселесі міндетті түрде қаралатынын жеткізді.

«Днепро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименко ұлтаралық қарым-қатынас мәселелерін кеңінен талқылау үшін өңір басшысын аталған «Достық үйіне» бейресми кездесуге шақырды. Бұл ұсыныс пен шақыртуды құп алатынын айтқан Нұржан Нұржігітов әрқашан бірлікке бастайтын істе күш біріктіре жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді.

Сондай-ақ, облыс әкімі алдағы саяси науқан – жалпыхалықтық референдумға Ассамблея мүшелерінің де белсенді атсалысуының маңыздылығын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.