АНАЛАР – БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

0 3

Жамбыл жерінде екі күннен бері Республикалық Аналар кеңесінің «Аналар кеңесі: саналы қоғам қалыптастырудағы ананың рөлі» тақырыбындағы халықаралық форумы өтуде. Бүгін форумның екінші күні «Талбесік» этноорталығында аудандық Аналар кеңестері төрағаларының тәжірибе алмасу семинарымен жалғасты.


Тағылымды басқосуға Түркия, Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген аналар, этномәдени бірлестіктер өкілдері, қоғам белсенділері мен серіктес ұйымдар қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – Аналар кеңестерінің өңірлердегі үздік тәжірибелерін ортаға салып, отбасы құндылықтарын нығайту, ұлттық тәрбиені дәріптеу және қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды үйлестіру.
Семинарды Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Орынбасарқызы Ахатай жүргізіп, модераторлық етті.
Ауқымды жиын Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Ыдырысқызы Шанаидың алғы сөзімен бастау алды. Аналар жетекшісі өз баяндамасында отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау және жас ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың жауапкершілігі жайында мазмұнды ой қозғады.
Семинар барысында өңірлерден келген Аналар кеңесі өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Атырау облысы Құрманғазы аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Балғаным Хасенова ауылдық жерлердегі аналардың қоғамдық белсенділігі мен отбасы тәрбиесіндегі жұмыстарға тоқталды. ❇️Ал Алматы облысы Райымбек аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарова ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді өскелең ұрпақ бойына сіңіру бағытындағы бастамаларды сөз етті.
Этносаралық татулық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Республикалық дүнгендер этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрағасы жамбылдық Сара Даузова түрлі этностар арасындағы достық пен қоғамдық келісімді нығайтудағы аналардың рөліне тоқталды.
Өңірлік тәжірибелерді бөлісу барысында Жетісу облысы Алакөл аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Ұлжалғас Дүйсебаева ауылдық округтердегі аналар бастамалары мен әлеуметтік жобалардың маңызын атап өтті. Ал Қостанай облысы Меңдіқара ауданан келген Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Наталья Козлова отбасы құндылықтарын насихаттаудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ маңғаз Маңғыстаудың Түпқараған ауданындағы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Мейрамгүл Жаңабергенова өңірдегі аналардың қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі туралы баяндаса, Павлодар облысы Железин аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Шұға Нұрғалиева рухани құндылықтарды сақтау мен жастар тәрбиесіндегі аналардың орнына кеңінен тоқталды.
Семинар аясында қатысушылар еркін пікір алмасып, қоғамдағы рухани тәрбие, отбасы бірлігі және аналардың қоғамдық белсенділігі төңірегінде өзара ой бөлісті.
Жиын соңында өңірлерде белсенді еңбек етіп жүрген бірқатар аналар Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың және Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаидың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Тағылымды шара аналардың қоғамдағы беделі мен бірлігін айшықтап, отбасы құндылықтарын ұлықтауға бағытталған маңызды рухани алаңға айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.