Конституцияға енгізілетін өзгерістерді облыс тұрғындарына түсіндіру мақсатында құрамында зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері және жастар ұйымдарының көшбасшылары мен ғалымдар бар қоғамдық штаб құрылған. Дәл осындай қоғамдық штабтар Тараз қаласы мен облыстың 10 ауданында құрылып, тиісті жұмыстар жүргізді. Штаб мүшелері облыстағы 371 елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жасады. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз қызметі алаңында штабтың төрағасы Амангелді Кәрентаев айтты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Оның мәліметінше, бүгінгі күнге дейін облыс аумағында 571 іс-шара өткізіліп, оған 67 630 адам қатысқан. Іс-шаралардың басым көпшілігі 433 шара кездесу форматында өткізілсе, 138 іс-шара демалыс күндері мәдени-көпшілік іс-шара форматында өтті.
«Сонымен қатар, облыста референдумды қолдауға арналған бастамашыл іс-шаралар өткізу тәжірибесі бар. Ақпараттық науқан басталғаннан бері 276 205 адам қатысқан 2 262 бастамашылық іс-шара ұйымдастырылды. Жалпы облыстық қоғамдық штаб 2 833 іс-шара өткізіп, оған 343 835 адам қатысты. Өткізілген іс-шараларды ақпараттандыру жұмыстары да қолға алынған. Әлеуметтік желілерде барлығы 39 076 жарияланым орналастырылды. Тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстарына көрнекілік құралдары мен ақпараттық тақтайшалар қолданылуда. Облыс бойынша 416 билборд, 338 ақпараттық тақтайшаларға 1 352 ақпараттық плакаттар ілінді», — деді Ол.
Спикердің пайымынша, бұл – ауқымды өзгеріс, ел тарихындағы аса маңызды қадам. Бұл – барлық реформаның елдің пікірі арқылы ғана қолданысқа енетінін білдіреді.