«Тараз» ӘКК» АҚ-на видео келіп түсті, онда жергілікті тұрғын қант сапасының нашарлығына шағымданды. Тұрақтандыру қорының директоры Арман Түймебаев оқиғаның мән-жайын анықтау үшін әлеуметтік павильонға өзі барды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА «Тараз» АКК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Абай даңғылы, 157А мекен-жайы бойынша орналасқан дүкеннің сатушы-кассирі сатып алушылармен болған оқиға туралы айтып берді.
– Бүгін кесте бойынша 350 келі қант келіп түсті. Бұл партия бұрынғыдай емес, яғни таза болмай шықты. Көптеген тұтынушылар қанттың сапасына наразы болды. Бірақ тауарды қайта өткізгендер болмады. Кейбір тұтынушылар тәтті өнімді бір алғанда екі-үш рет сатып алуға тырысады, дегенмен біз бір қолға тек бір килограмм беретінімізді айтамыз. Себебі, қант барлығына жетуі тиіс. Мүмкін тұтынушылар біздің қанттаы бірнеше келіден сатпағанымыз үшін де наразылық танытып шағым түсірген болуы мүмкін, – дейді Лола Ибрагимова.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы бұл мәселені шешілмеген күйде қалдырмайды. Сондай-ақ, тауардың жеткізілуін, сапасын бақылауда ұстайтын болады .
– Қант сапасы бойынша азаматтардан бір шағым түсті. Біз бұл фактіні уақтылы тіркедік. Болашақта, егер ұқсас мәселе туындаса, сіздер бізге тікелей жүгіне аласыздар. Біз сіздің өтініштеріңіз бен ұсыныстарыңызға жауап береміз. Сонымен қатар, дүкен сатушылары әрқашан сапасыз өнімдерді ауыстыруға дайын. Барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлар тиісті сапада болуы тиіс, – деп атап өтті тұрақтандыру қорының директоры Арман Түймебаев.