Азаматтарымыз әлемнің қай қиырында жүрсе де, оларға өз мемлекеті — Қазақстан Республикасы қамқор болып, көмек қолын созуға дайын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында айтты.
— Азаматтарымыз әлемнің қай қиырында жүрсе де, оларға өз мемлекеті — Қазақстан Республикасы қамқор болып, көмек қолын созуға дайын екенін біледі. Бұған жақында Таяу Шығыстағы қақтығыстың ортасында қалған туристеріміз, қажылық сапарға аттанған отандастарымыз, кәсіпкерлеріміз көз жеткізді. Жағдай шын мәнінде күрделі еді. Шиеленіс басталған сәтте өңір елдері басшыларына осынау қиын-қыстау кезде шынайы қолдауымды білдіріп, хат жолдадым. Бұдан бөлек, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Оман, Сауд Арабиясы басшыларымен телефон арқылы сөйлестім. Сондай-ақ отандастарымызды жедел эвакуациялау тапсырылды. Ел аумағындағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен маңызды инфрақұрылымдарды қорғау, Қарулы күштер мен құқық қорғау ведомстволарында жауынгерлік кезекшілік ұйымдастыру жөнінде міндет жүктедім. Сыртқы істер министрлігінің жанынан арнайы штаб құрылды. Оның құрамына барлық ведомствоның өкілдері енді. Бұл жұмысқа әуе тасымалдаушы және туристік компаниялар, ерікті демеушілер атсалысты. Штаб тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарымызды аймақтан қауіпсіз жолдармен алып шығуға бар күшін салды. Қақтығысқа қатысушы тараптар бір-бірінің әскери және азаматтық нысандарын, соның ішінде әуежайларды баллистикалық зымырандармен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен атқылады. Соның салдарынан көптеген елдің әуе кеңістігі жабылды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кей жағдайларда отандастарымызды өзге елдердің аумағы арқылы алып өтуге тура келгенін айтты. Оларды дипломаттарымыз бен консулдық қызметкерлері қарсы алып, ұшақтарға жайғастырып, елге шығарып салғанын еске салды.
— Иранда қалған азаматтарымыз Әзербайжан, Армения және Түрікменстан шекаралары арқылы эвакуацияланды. Елшіліктер ұдайы байланыста болып, тиісті көмек көрсетті. Осы күрделі жұмыстың нәтижесінде 9 мыңға жуық отандасымыз оқ пен оттың ортасынан аман-есен елге оралды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Бұған шетелдіктер де назар аударды. Бейбіт күннің өзінде мұндай шараларды ұйымдастыруға көп күш-жігер жұмсау керек. Ал соғыс жағдайында тіпті қиындап, мән-маңызы арта түседі. Осынау стресс-сынақтан сәтті өту Қазақстанның халықаралық аренадағы абырой-беделін асқақтатты десем, артық айтқандық емес. Таяу Шығыс елдерінің басшыларына «кедергісіз дәліз» ұйымдастырғаны үшін тағы да ризашылығымды білдіремін. Отандастарымызды эвакуациялауға көмек көрсеткен барша жанға, мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының қызметкерлеріне алғыс айтамын. Қандай жағдай болса да, Қазақстан өз азаматтарын ешқашан тағдыр тәлкегіне қалдырмайды. Пандемия кезінде де солай болған. Әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы борттармен мыңдаған отандасымызды елге алдырдық. Шетелдерде қиын жағдай туындағанда да дәл осылай әрекет еттік. Техногендік апат, су тасқыны, өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде мемлекет қиындыққа душар болған азаматтарға уәде еткеніміздей қолұшын берді, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, «Азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырмаймыз» деген сөз бұл — жай ғана ұран немесе популизм емес, мемлекеттік саясатымыздың бұлжымас қағидаты. Сондықтан осы ұстанымның жаңа Конституция жобасында көрініс табуы заңдылық. Ата заңымызда: «Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.
— Барша отандасымызға белгілі ақиқат бар: көк паспорт иелері әрқашан және кез келген жерде мемлекет қорғауында болады. Паспортымыздың қуаты мемлекетіміздің ықпалынан, халқымыздың жасампаз рухынан, заманның озық идеяларын игере алатын қабілетімізден көрінеді, — деді ол.
Ал адам капиталын жаһандық бағалау бойынша Қазақстан 160-тан аса елдің арасында 42-орынға табан тірегені айтылды.