Отандастарымыз елімізде 10402 учаскеде дауыс бере алады. Бұл жөнінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді.
Оның сөзінше, жауапты мамандар еліміздің 20 өңіріне де барып, учаскелік комиссиялардың жұмысымен және референдумды ұйымдастыру барысымен танысқан.
— Дауыс беру учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы, инфрақұрылымдық және ақпараттық қамтамасыз ету мәселелері белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып жатыр. Сапар барысында анықталған жекелеген техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер сол жерде пысықталып, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылданды, — деді Н. Әбдіров.
Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Әлімбаев референдум күні 54 шетелде 70-тен астам учаске жұмыс істейтінін мәлімдеді.
— Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты және бірқатар елдегі қауіпсіздік деңгейінің төмендігін ескеріп, 10 елдегі учаскенің жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Осылайша, референдум күні 54 елдегі Қазақстан Республикасының шетелдердегі өкілдіктері жанынан 71 учаске жұмыс істейді, — деді Е Әлімбаев.
Сондай-ақ ол шетелдерде дауыс беретін Қазақстан азаматтарының саны 14 230 адам екенін атап өтті.
Конституциялық реформа бойынша референдум күні еліміздегі және шетелдердегі учаскелердің жалпы саны — 10 473.
Айта кетейік бұған дейін референдумның бекіту куәлігін қалай алуға болатынын жазғанбыз.