Жамбылдағы орман қорына 5 найзағай соққысын бұру нысаны қойылды

0 16

Жамбыл облысындағы орманды күзету және қору жұмыстарына, өртті өшіру мен зерттеуге 193 мың литр бензин мен 68 мың литр дизель отыны әзірленді. Жалпы, орман қорындағы өрт оқиғаларына талдау жасай келе, олардың 70%-ы найзағайдан орын алатыны белгілі болды. Осыған байланысты, найзағай жиі түсетін қауіпті аумақтарға найзағай соққысын бұру нысандары орнатылды. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Әділбақов Айбар айтты — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Оның мәліметінше, 2020 жылы Байзақ, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Ақкөл орман шаруашылығы мекемелерінің орман қорына 5 найзағай соққысын бұру нысаны орнатылған.

«Бұдан өзге, Байзақ және Ұланбел орман шаруашылығы мекемелеріне 2 өрт бақылау мұнаралары тұрғызылды. 2021 жылы 6 найзағай отын бұру нысандарын және 6 өрт бақылау мұнаралары қосымша қойылды. Нәтижесінде 2020 жылмен салыстырғанда 2021-2022 жылдары өрт оқиғалары 79%-ға төмендеді. Сонымен қатар, мемлекеттік орман қоры жерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша 55 дана хаттама толтырылып, 811,5 мың теңге айыппұл салынды. Аталған іс-шаралар өрт қауіпті маусымда тұрақты жүргізілуде», — деді спикер.

Айбар Күнтуұлы өрт қауіпті маусымда ауылдық әкімдіктер мен орман шаруашылығы мекемелері арасында бірлескен өртті сөндіру бойынша келісімшарттар жасалғанын да атап өтті. Облыс бойынша ауылдық әкімдіктерде 411 адамнан құрылған ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылып, 26 дана трактор және 54 дана автокөліктермен қамтамасыз етілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.